Untitled Document

Мақтау мен сөгіс

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім — онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтасса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау — пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол таптағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келеркетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойладағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске — ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жынды боласың есі жоқтау!

Шәкәрім Құдайбердіұлы