Untitled Document

Сұхбат... Құранды тыңдаған мүшріктер

Исламның алғашқы жылдарында Меккелік мүшріктер түрлі айлалар мен зұлымдықтар арқылы адамдардың иман келтіруіне кедергі болатын. Мекке халқына Мұхаммед пайғамбар оқыған аяттарды тыңдауға тыйым салатын. Ал, өздері түнде, жеке-жеке пайғамбарымыздың үйінің айналасына жасырын барып, пайғамбарымыз оқыған аяттарды тыңдайтын. Таң атып, дала жарық болған кезде әрбірі тығылып отырған жерлерінде бір-бірін көріп айыптайтын. Соңында  «Біз оның Құдайына сенбейміз. Мұхаммед сиқыршы-ғой? Сиқырлы сөздерін Құдайдың сөзі деп жұртшылықты алдауда. Біз – меккенің асыл азаматтары осы сиқыршыға қарсы күресудеміз. Енді бұлай істемейік» деп бір шешімге келіп үйлеріне тарайтын. Бірақ, ертеңіне түнде бәрібір Құран Кәрімнің әдеби және рухани тұрғыдан аса жоғары калималары алдында шыдай алмай, басқалардың хабарынсыз тыңдауға келеберетін. Қызығы, таң атып қалғанда бір-бірін байқап қалып, тағы бірін-бірі айыптап, ұрысатын. Тағы да келмеуге ант ішіп кетсе де, бәрібір күнде сол тірлік қайталана беретін.

Олар тек нәпсілеріне бағынып, өздерін жоғары санап, басқа мүшріктердің өздерін айыптайтындығынан қорқып иман келтірмеді. Басқаларға да кедергі болу үшін көшеде «Мұхаммед сиқыршы» деп айқайлайтын.

 

Хикмет...Тұт жапырағы

Имам Шафии хазреттері «Аллаһтың бар екеніне дәлелің не?» деген сұраққа былай жауап берген екен: «Дәлелім тұт жапырағы. Өйткені, дәмі, түрі, түсі бірдей болғанымен, бұны жібек құрт жесе жібек болады, қой жесе ет және сүт болады, киік жесе иіссу, ара жесе бал болады... Дәмі, түсі, иісі және заты бір болған жапырақтан мұншалықты көп нәрселерді кім жаратты?»