Untitled Document

Күннің тарихы ... Әмір Темір

Әмір Темір тарихтағы жер жүзін бағындырған ең үлкен қолбасшылардың бірі. 1336ж Кеш (Шахрисабз) ауылында туылған. Жақсы тәлім алған Әмір Темір 1370ж Самарқандта таққа отырып Мәуренахрдың билігін қолына алды. Қытаймен Делиге дейінгі бүкіл Азияны, Ирак, Сирия және Измирге дейінгі Анадолыны иелігіне алды. Қытайға жорыққа бара жатып 1405ж. 20 ақпанда қайтыс болды. Қабірі Самарқандта. Әмір Темір өте діндар, білімді, білікті қолбасшы, тегеурінді саясаткер болған. Орталық Азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнер мен сауданың дамуы Әмір Темірдің есімімен тығыз байланысты. Ол ғылымға және ғалымдарға лайықты құрмет көрсеткен.

**** *** ***

Әмір Темір Бұхараға сапар шегуден бұрын Түркістанға келіп хазреті Қожа Ахмет Яссауидің қабірін зиярат етеді және сол аймақтағы кедейлерге ас-нан таратады. Нәзір–нияз жасап, жорыққа шығу үшін Аллаһтан бір ишарат күтеді. Түсінде Ахмет Яссауиді көреді. Оған: «Ей жігіт! Бұхараға тез бар! Иншааллаһ ол жақта саған жеңіс нәсіп болады. Сенің басыңнан көп оқиға өтсе керек. Ол жақтағы адамдар да сенің келуіңді күтуде» деп бұйырады. Әмір Темір оянғанында бұл сүйіншіге қатты қуанып, Аллаһу та’алаға шүкір етеді. Ертеңіне Түркістанның әкіміне көп ақша беріп, Ахмет Иассауидің қабіріне көрнекті, зәулім кесене тұрғызуын әмір етеді. Әкім айтылғанындай етіп әдемі кесене салдырады. Кесене қазіргі күнде де бүкіл кереметімен бой көтеріп тұр. Бұл кесене түркістандықтар (түркі тектес халықтар) және Еділ-Орал түріктерінің Хижаздан кейінгі зиярат етілетін ең мүбәрәк діни орталығына айналды. Түркістан өлкесі және ескі Алтын орда топырақтарындағы бай түріктердің, хандардың жаназаларын Ахмет Яссауи кесенесінің айналасына жерлеу әдеті 1921 ж коммунист басқыншылығына дейін жалғасып келді.