Ғибрат... Арықтау үшін
Ескі замандағы бір уәли (әкім), мансабын пайдаланып, дүние-мүлікке кенеліп, шектен шығады. Өмірін ішіп-жеу, асқазанын толтыруға арнайды. Жеген сайын семіріп, семірген сайын жей береді. Соңында семіздіктен орнынан тұра алмайтындай халге түседі. Рахат, салтанатты өмірі, қиындыққа айналады. Сол заманның ең мәшһүр емшісін шақыртып, дертіне дауа табуын өтінеді. Арықтау үшін не істеуі, қандай ем-шара қолдануы керектігін сұрайды. Емші салмақты кейіпте: «Сізге диетаның қажеті жоқ. Қалаған нәрсеңізді ішіп-жей беріңіз»- дейді. Бұл сөзге таңырқаған уәли себебін сұрайды. Сонда емші: «Мырзам, сіздің жазылуыңыз мүмкін емес, семіздік ағзаңызға көп зиян тигізген, шамамен бір айдай өміріңіз қалды. Бір айдан кейін ажал құшатындықтан, қиналып диетаға отырудың не қажеті бар»- дейді. Өлім хабарын алған уәли қатты абыржып, сары уайымға түседі. Жылдар бойы жасаған жамандықтары, зұлымдықтары, әділетсіздіктері есіне түсіп, зұлымдығына ұшыраған бұл адамдарды жеке жеке шақыртып әрқайсысының ақыларын артығымен қайтарып, олармен халалдасады. Барлық адамдарға жақсылық жасауға, ешкімді ренжітпеуге мән береді. Өлім қорқынышы тәбетін де жояды. Алдына әкелінген дәмді тағамдарға қолын да тигізбестен қайтаратын болды. Тамақ жемегендіктен күн сайын арықтай береді. Айдың соңына қарай әкім болмай тұрған кездегі халіндегідей арықтайды. Бір айдан астам уақыт өткенімен тірі жүргендіктен емшіні шақыртады. «Бір ай өтті, ал мен әлі өлмедім, мұның мәні неде?» деп сұрайды. Емші: «Мырзам, сіз әуелгі шақырғаныңызда қашан өлемін деп сұраған жоқсыз ғой, семіздіктен құтылудың шарасын табуды сұраған болатынсыз, мен сізге соны айттым, байқанағанымдай мақсатымыз орындалыпты. Мұның емі осы еді.»- дейді. Емшінің бұл айласы уәлиге сабақ болды. Бұдан былай дүниелікке берілуден, харамнан, зұлымдықтан ұзақ тұратын болды.