Untitled Document

Жануарлар әлемі... Киттер (1)

Киттер – әлемдегі ең ірі сүтқоректілер. Денесінің ұзындығы 1,1-33 м-ге дейін, салмағы 30 кг-нан 150 т-ға дейін жетеді. Алдыңғы аяқтары ескекке айналған. Киттердің терісі түксіз жалаңаш, тері астында май қабаты жақсы жетілген (қалыңдығы 18-50 см). Бұл дене температурасын реттеуге қатысады. Терісінде май, тері бездері болмайды, сүт бездері жақсы жетілген. Барлық киттердің ауыз қуысы өте үлкен. Бұлар тісі ең көп жануарларға жатады, мысалы, тісті киттің тісінің саны 272 болады. Олардың сезу мүшесінің қызметін қылшықты мұртшалары атқарады. Көзі су астында, су үстінде де жақсы көреді. Киттердің есту мүшесі жақсы дамыған, құлақ қалқаны болмайды. Қорегін тұтастай жұтады. Қазіргі кезде киттердің 2 тармағына (тісті киттер және мұртты киттерге) жататын 38 туысы, 80-нен астам түрі мұхиттарда, теңіздерде, кейбір түрлері (дельфиндер) өзендерде таралған. Киттің тыныс алатын танау тесігі төбесінде орналасқан. Ол тек тыныс алу-шығару кезінде ғана ашылады. Киттердің қанының құрамында гемоглобиннің, бұлшық еттерінде ерекше ақуызды зат – миоглобиннің болуы су астында 30 – 40 мин (кейде одан да ұзақ) тыныс алмай тіршілік етуіне септігін тигізеді. Киттің сүті өте құнарлы: сиыр сүтімен салыстырғанда май 10 есе, белок 3 есе көп. Баласы тәулігіне 450 л-ге дейін сүт емеді, 4 см-ден астам өсіп, 90 кг-дай салмақ қосады.

Табиғатта 30 – 50 жылдай тіршілік етеді. Көпшілік түрі топталып, үйірленіп жүреді, теңіз жануарларымен қоректенеді.

 

Зеректік жұмбағы...Шар

Автокөлігіңіздің артқы орындарында балаңыз отыр. Қолында газ толы шар бар. Бала шардың жібін шар төбеге тимейтіндей етіп ұстап отыр. Бүкіл терезелер жабық. Солға бұрылып жатырсыз. Шар солға кете ме, оңға кете ме, әлде ортада қала ма, немесе басқа әрекет жасай ма? (Жауабы ертең)