Ғибрат... Жоғалған ақша
Имам Ағзамның заманында бір кісі ақшаларын жасырған жерін ұмытып қалады. Қаншама ойланса да есіне түсіре алмайды. «Менің бұл дертімнің шарасын тапса, Имам Ағзам хазрет табар» деп ойлап тікелей хазреттің алдына барады. Имам Ағзам ол кісіні тыңдағаннан кейін: «Сенің бұл мәселеңнің фиқһпен байланысы жоқ, әйтсе де саған бір жол сілтейін. Сен қазір үйіңе бар да, азанға дейін намаз оқы! Ақшаны жасырған жеріңді табарсың деп үміттенемін» дейді. Бұл жауапты естіген әлгі кісі тікелей үйіне келіп, жақсылап дәрет алып, азанға дейін намаз оқуға бел байлап намазға бастайды. Әлі көп уақыт өтпестен-ақ ақшаны жасырған жері есіне түседі. Намаз оқуын тоқтатып, ақшаны қойған жерінен алып төсегіне жатып ұйықтайды. Таң атқанда Имам Ағзам хазреттің қасына барып: «Йа Имам, Аллаһу та’ала сізден разы болсын! Бұл дертіме шара таптыңыз! Намаз оқи бастаған едім түннің жарымына жетпей-ақ ақшамды қойған жерім есіме түсті. Ақшаны тауып кейін ұйықтадым.» дейді. Имам Ағзам хазреттері: «Әттең таңға дейін ғибадат етуің керек еді. Өйткені шайтан сенің таңға дейін ғибадат етуіңе шыдай алмағандықтан түннің жарымына жетпей есіңе салды. Мен онсыз да осы мақсатта саған түні бойы намаз оқы деген едім. Таңға дейін шүкір намазын оқығаныңда бұдан да жақсы болар еді. Алайда сен ақшаңды тапқаннан кейін намазыңды тоқтаттың.»- депті.
Бүгін... бөлушілікпен күрес күні.
Бүгін – Нәсіл бөлушілікпен күрес күні. Демократияның ең дамыған өлкелерінің өзінде нәсіл бөлушіліктің алды алына алмауда. Дүние жүзінің ең мәдени өлкесі саналатын АҚШ-та да бұрынғыдай болмағанымен, әлі де нәсіл бөлушілік орын алуда. Ал Аллаһ дінінде ақ, қара, құл, қожайын деген сияқты бөлушілік жоқ.