Тарих... Ғылымның үстемдігі
Османлы патшалары соғысқа, сапарға аттанарда Ислам ғалымдарымен кеңесіп, баталарын алып шығатын. Мүмкіндігінше ғұламалар да сапарда патшаның жанында болатын. Жолда қанша мәселелер талқыланып, ғалымның қаншама сұхбаттарын тыңдап ілімінен нәр алатын. Явуз Сұлтан Селим хан Мысыр сапарынан қайтып келе жатқанында қасында адамдар мен жындардың мүфтиі деп танылған ғалым және ұстазы Ибн Кемал хазреттері болатын. Патша мен Ибн Кемалмен сөйлесіп келе жатып Ибн Кемалдың атының аяғы тайып шалшықты шұқырға түсіп кетеді. Ат үркіп аяғын суырып қалғанында балшықты су Сұлтан Селим ханның үстіне шашырап шапаны толық дерлік маймандай боп балшықпен ластанады. Кемал хазреттері ыңғайсызданып, іштей қынжылып, «айып етпеңіз», дей бергенінде, Сұлтан Селим хан: «Ештеңе етпейді ұстаз. Еш қысылмаңыз. Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық біз үшін үлкен мәртебе. Бұл балшықты шапан мен өлген кезімде қабірімнің үстіне жабылсын» деп өсиет етіп, қызметшілеріне береді. Явуз сұлтан Селим хан қайтыс болғанында өсиеті орындалып осы балшықты шапан қабірінің (сандукасының) үстіне жабылды. Осы шапан 2006 жылға дейін қабірінің үстінде болып, кейін музейге алынды.
Бұл оқиға өз кезегінде мұсылмандардың ғылымға, ғалымға, ұстазға деген құрметінің қаншама жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Хазреті Әлидің «Маған бір әріп үйреткен адамның қырық жыл құлы боламын» деген сөзі де мұғалімнің үстем мәртебесін көрсетуде.