Аңыз... Зерделі (2)
— Несиеңіз тие ме, ата? – депті, Зерделі тағы да. Сонда қария:
— Жасымда берген несием, қартайғандағы несібім екен, үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным соның арқасы, – депті. Қариямен қош айтысып, атқа қонған соң, былай шыға, Зерделінің жолдастары:
— Қариямен екеуіңнің соңғы сөздеріңді біз ұқпадық соны түсіндірші, – деп өтініпті.
— «Екеуіңіз қалай дегенім, екі аяғыңыз қалай өздігіңізбен жүре аласыз ба?» дегенім еді. Қария: «Екі аяққа бір таяқ қосылып, үшеу болды», – деді. Алысыңызбен қалайсыз дегенім – алыстағыны көре аласыз ба? – дегенім еді, қария алысты көрмейтін болдым деді. Жақыныңызбен қалайсыз дегенім – тамақ ішіп жеуіңіз қалай дегенім еді, қария әр жерде бірден ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күн көрем деді. Мен тәттіңізбен қалайсыз дегенім – ұйқыңыз қалай дегенім еді, қария – ұйқым азайды деп жауап берді. Несиең тие ме дегенім – балаларың күте ме, жасында сіз оларды бағып-қағып өсіріп едіңіз, енді олар сол еңбегіңізді өтей ме дегенім еді. Қария: дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын, – деді. Зерделінің жолдастары бұған өте риза болыпты да:
— Сен өзің бізбен құрдассың, қариядан асыра білім көрсеткеніңе таң қаламыз, – депті. Сонда Зерделі:
— Мен өзім жас болсам да, әкем Қазекең көп жасады ғой, – деген екен.