Untitled Document

Аңыз... Зерделі (1)

Баяғыда Зерделі дейтін шешен, білгір адам болыпты. Бір күні Зерделі бір топ жолдастарымен жиһан кезіп келе жатып, бір қарияға кездесіпті. Сәлемдесіп, жөн біліскеннен кейін қария Зерделіге:

— Әкең Қазақбайды білуші едім. Үш түрлі бала туады: бір бала әкесінен өте туады, бір бала әкесіне жете туады, енді бір бала бар, ол кері кете туады. Сен соның қайсысы боласың? – деп сұрапты.

— Ата, өте туған бала боларымды алдағы өмірім білер, кері кете тудым ғой деп білем, – депті. Қария тағы бір сұрақ беріпті.

— Балам, өтірік пен шындықтың арасын өлшедің бе? – депті.

— Өлшедім өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, – деп, бала оң қолының төрт саусағымен көз бен құлақтың аралығын басыпты. Қария:

— Балам, ақыл кімнен шығады, асыл неден шығады, қанат неден шығады, жанат неден шығады, санат неден шығады, оғат неден шығады, соны білдің бе? – депті.

— Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады, тату болса ағайын бірі құйрық, бірі жал, қанат содан шығады, қой терісін қорлама жанат содан шығады, халқы үшін қарттар қам жесе, санат содан шығады, өнерсіз болса бозбала – оғат содан шығады – депті. Қария Зерделіге риза болып, үйге түсіп, дәм татуға шақырады. Қымыз ішіп отырып, Зерделі:

— Ата, екеуіңіз қалай? – деп сұрапты.Қария:

— Екеуім үшеу болады, – депті.

— Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?

— Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын. Алысым араздасты.

— Тәттіңізбен қалайсыз?

— Балам-ай, тәттінің де дәмі азая бастады ғой, – депті.

(Жалғасы ертең...)