Untitled Document

Ғибрат... Өзінікі деп ойлаған еді

Ибраһим бин Әдһәм хазреттерінің айтып бергені:

Бір күні түнде Бәйтүл Мақдисте түнемекші болдым. Мешіттің қызметшілері іште қалуға рұқсат бермегендіктен қамыстардың арасына жасырындым. Түннің бір уағында мешіттің есігі ашылды. Бір қарт кісі бастаған қырық адам мешітке  кірді.

Қарт кісі михрабқа өтіп, бәрі жамағатпен екі рәкат намаз оқыды. Намаз біткеннен соң араларынан біреу әлгі кәрі кісіге: 

- Осы түні мешітте бізден болмаған бір адам бар,- деді. Кәрі адам жымиып:

- Иә, Ибраһим бин Әдһәм бар. Қырық күннен бері жасаған ғибадаттарынан ләззат ала алмай жүр,- деді. 

Бұл сөзді естігеннен кейін, ортаға шығып:

- Сіздің айтқаныңыз рас, соның себебін маған айтыңызшы, мен сол қиыншылықтан құтылайын,- дедім. 

Кәрі адам былай жауап берді:

- Пәлен күні Басра қаласында құрма сатып алған едің. Сатып алған кезіңде сатушының бір құрмасы жерге түсіп кеткен еді. Сен ол құрманы өзіңнің құрмаларыңнан деп ойлап, құрманы жерден алып, өзіңнің құрмаларыңның арасына салып қойған едің. Ғибадаттарыңнан ләззат ала алмауыңның себебі осы,- деді.

Мұны естігеннен кейін дереу құрма сатушыны тауып алып, мән-жайды оған түсіндіріп, одан кешірім сұрадым. Ол мені кешірді. Содан кейін жасаған ғибадаттарымнан қайтадан ләззат ала бастадым.