Untitled Document

Мақала... Отанды сүю – иманнан (1)

Еліміздің өніп, өркендеуінің басты қозғалтқышы болатындай маңызды факторлардың бірі халықтың бойында еліне, отанына деген патриоттық сезімнің болуы. Пайғамбарымыз «Отанды сүю – иманнан» деген. Мұсылман адам отанын, тілін, дінін қастерлеп құрметтеуі, отанының гүлденуі үшін ат салысуы қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Туған жеріңнің тарихын, ана тіліңді, өз тегіңді білмей тұрып, нағыз патриот бола алмайсың. Қазақстандықтардың туып-өскен жері бар, бұл біздің Отанымыз. Еліміздің тарихы туралы барлық мәліметті жүйелендіріп, оның біртұтас нұсқасын әзірлеу қажет.» деген. Қандай да бір халықтың әдет-ғұрпын, әсіресе тарихын ұмыттыру – оларды құрдымға жіберудің, әлем сахнасынан жоюдың оңай жолы. Ұлттық құндылықтарынан, елдік тәжірибелерінен мақрұм қалған халық, болашағын құру үшін мықты негіз таба алмай, жойылуға бейім болады. Мұның мысалын өз түбін, өз тілін жоғалтып басқа ұлттарға сіңісіп кеткен қаншама мәдениеттерден көруге болады. Сондықтан сан-ғасырлық тарихымызды, түбімізді, әдебиетімізді, тарихи тұлғаларымызды, патшаларымыз,  шешендеріміз, көсемдеріміз, билеріміз бен батырларымызды, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды біліп, келешек буынның санасына сіңіре жүру қажет. Әрбір отандасымыздың, әр қазақтың өз елінің, ата-бабаларының алдын­дағы жауапкершілікті терең сезіне білуі, осы жолда етене еңбектене білуі, күресе білуі керек. Әсі­ресе, оқу орындарындағы оқу-тәрбие жұмыстарына жауапты адамдардың да мұны терең түсінгендері жөн. Жас өспірімдерді ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар- ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында т.б. ізгі қасиеттері бар патриот азамат етіп тәрбиелеуді негізге алу керек.

(Жалғасы ертең...)