Untitled Document

Сұхбат... Ешбір пайғамбарға тіл тигізілмейді

Сұрақ: Кейбір Еуропа елдерінде пайғамбарымызды мазақ ету мақсатымен карикатура жасалғанда, олардан өш алу мақсатымен мұсылмандар да олардың пайғамбарына карикатура салуы рұқсат па?

Жауап: Рұқсат емес. Бұл дін дұшпандарының ойыны. Мұсылмандар мұндай тұзаққа түспеуі керек. Кикілжіңге, бүлікке себепкер болмауы тиіс. Мұсылман ешбір пайғамбарға тіл тигізбейді. Бүкіл пайғамбарлар мұсылман еді, барлығына сеніп, барлығын жақсы көруіміз иманның шартының бірі.

Иманның төртінші шарты – Пайғамбарларға сену. Амәнтудағы “уә Расулиһи” сөзі – Аллаһу та’аланың жіберген пайғамбарларына сену дегенді білдіреді. Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам және соңғысы біздің пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу алейһи уасаллам. Осы екеуінің арасында көптеген пайғамбарлар келіп кеткен. Нақты саны белгілі емес. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендігі айтылады. 

Пайғамбарларға сену – араларынан ешқандай айырмашылық көрмей, бәрінің Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, турашыл, шыншыл екендігіне сену болып табылады. Олардың ішінен біреуіне сенбеу ешқайсысына сенбегендік болады. Аллаһу та’ала алғаш адам және алғаш пайғамбар болған Адам алейһиссаламнан бері, әрбір мың жылда пайғамбарлар арқылы адамдарға діндер жіберген. Олар арқылы адамдардың дүниеде рахат және тыныш өмір сүру және ахыретте шексіз бақытқа қауышу жолдарын білдірген.

Адам алейһиссаламнан бастап соңғы Мұхаммед алейһиссаламға дейінгі пайғамбарлардың барлығы бір иманды уағыздаған, барлығының үмбеттеріне үйреткен иман ілімдері бірдей болған. Яһудилер Мұса алейһиссаламға сеніп, Иса алейһиссалам мен Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Христиандар болса, Иса алейһиссаламға сеніп, Мұхаммед алейһиссаламға сенбейді. Ал мұсылмандар пайғамбарлардың барлығына сенеді. Пайғамбарлардың кез-келген біреуін мойындамау немесе кез-келгенін мазақ ету күпір болып табылады, яғни бұлай жасаған адамның иманы кетеді.