Сұхбат... Барлық нәрсе Аллаһу та’аладан
Имам Раббани хазреттері «Мәктубат» кiтабының 3-томындағы 17-хатында былай дейдi:
Жақсылып ойланып, түсіну керек болғаны, барлық адамдарға әрбір ниғметті жіберетін жалғыз Аллаһу та’ала. Барлық нәрсені жаратқан тек қана Ол. Әр болмысты әр сәтте бар етіп ұстап тұрған да Ол. Құлдардағы үстем және жақсы сипаттар Оның мейірімі мен сыйы болып табылады. Біздің өміріміз, ақылымыз, біліміміз, күш-қуатымыз, көруіміз, есітуіміз, сөйлей алуымыз, барлығы Оған тәуелді. Санап бітіре алмайтын әр түрлі ниғметтерді, жақсылықтарды жіберетін де Ол. Адамдарды қасіреттерден, қиыншылықтардан құтқаратын, дұғаларды қабыл ететін, дерт пен бәле-жаланы кетіретін де Ол. Ризықтарды жарататын және тарататын жалғыз Ол. Оның ихсанының көптігі соншалық, күнә істегендердің де ризықтарын тоқтатпайды. Күнәларды жасыруы соншалықты көп, әмірін тыңдамаған, тыйымдарынан сақтанбаған азғын адамдарды көпшілікке масқара етпеуде, намыс пердесін жыртпауда. Кешірімі мен мейірімі соншалықты көп, жаза мен азапқа лайық болғандарды азаптауға асықпауда. Ниғметтерін, ихсандарын достарына және дұшпандарына шашуда. Ешкімнен ештеңе аяп жатқан жоқ. Бүкіл ниғметтерінің ең үстемі, ең құндысы ретінде дұрыс жолды, бақыт және құтылу жолын көрсетуде. Тура жолдан адаспау және жәннатқа кіру үшін ынталандыруда. Жәннаттағы шексіз ниғметтерге, бітпейтін, таусылмайтын ләззаттарға, өзінің разылығы мен сүйіспеншілігіне қауыша алуымыз үшін сүйікті пайғамбарына (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мойынсұнуымызды әмір етуде. Міне, Аллаһу та’аланың ниғметтері айдан анық. Басқалардан келген жақсылықтар да Аллаһу та’аладан келуде. Басқаларды себепші қылған, оларға жақсылық істеу қалауын берген, оларға жақсылық жасауға күш-қуатын беретін де Ол. Сондықтан, әр жақтан, әркімнен келетін ниғметтерді жіберетін де Ол. Одан басқасынан жақсылық, сый-сияпат күту аманатшыдан аманат ретінде бір нәрсе сұрауға және кедейден садақа сұрауға ұқсайды.