Әдеп-ахлақ... Ғайбат – оба секілді (1)
Белгілі бір мұсылманның немесе мұсылман емес адамның айыбын оны жамандау үшін сыртынан сөз айту, өсектеу ғайбаттау болады. Ғайбат – харам. Мәселен денесінде, мінезінде, ісінде, сөзінде, дінінде, дүниесінде, тіпті киімінде, үйінде, мал-мүлкінде болған кемшілік оның сыртынан айтылса және оны естіген жағдайда ренжитін нәрсе болса бұл ғайбат болады. Астарлап айту, ишарамен, әрекетпен білдіру, жазумен білдіру де сөзбен айту сияқты ғайбатқа жатады. Біреу туралы ғайбат айтылып жатқанда «әлхамдулиллаһ, Аллаһ бізді олай арсыз етпеді» деген сияқты сөздермен оны жамандау, өте жиіркенішті ғайбатқа жатады.
Ғайбат – оба секілді жұқпалы, өрескел, жаман індет. Тиген жерін астан кестен етеді. Кішкентай, титімдей ғана болуы мүмкін бірақ алып денені түгелдей құрдымға жібереді. Адамдарды, жанұяларды, елдерді ұрыстырып қоюға жеткілікті. Мәселен Әмір Темір мен Баязид ханның соғысуы ғайбаттың, яғни сөз тасудың, араға от салудың салдарынан болғандығы айтылады. Заманымызда адамдардың көпшілігі осы індеттің тұтқынына айналған.
Хужурат сүресінің он екінші аятында «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды. Біреуді ғайбат ету өлген адамның етін жеумен бірдей екендігі білдірілген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Қиямет күні бір адамның сауап дәптері ашылады. “Йа Раббым! Дүниеде мына ғибадаттарды жасаған едім. Парақта бұлар жазылмапты”, дейді. “Олар дәптеріңнен өшіріліді, ғайбат еткен адамдарыңның дәптерлеріне жазылды”, делінеді» және «Қиямет күні бір адамның жақсылық дәптері ашылады. Жасамаған ғибадаттарын сол жерде көреді. “Бұлар сені ғайбат еткендердің сауаптары”, делінеді».