Untitled Document

Тарихи тұлға - Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығы (1)

Мәлік Ғабдулин (15.11.1915, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, —2.01.1973, Алматы) – қазақ жазушысы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы (1959), профессор (1959), КСРО Педагогика ҒА-ның академигі (1959), Кеңес Одағының Батыры (1943). Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). М.Ғабдуллин 1935 жылы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. 1936 ж. әскер қатарына барып, әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін осы институттың аспирантурасында оқыды.

М.Ғабдуллиннің ғылыми-творчестволық жұмысы 1938 жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандағы филиалында кіші ғылыми қызметкерліктен басталды. 1941- 1946 жылдары Кеңес әскерінің генерал И.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл одаққа әйгілі. Оның бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б. Полевойдың "Правдада" жарияланған "Эпостың тууы" атты очеркінде баяндалды. Көптеген қазақ ақындары Ғабдуллинге арнап, өлең-жырлар шығарды. Соғыс аяқталып, майдандан қайтқаннан кейін Ғабдуллин республиканың ғылыми-педагогикалық мекемелерінде қызмет атқарды. Қазақ КСР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының директоры (1946-51), Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры (1951-63) болды. 1963-1973 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі болды.

М.Ғабдуллин ғылыми-зерттеу саласында көп еңбек етті. "Қазақ халқының ауыз әдебиеті" (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбегінде Ғабдуллин ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-методологиялық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымдық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті.

(Жалғасы ертең...)