Ғибрат - Хабиб ата
Хабиб ата Османлы мемлекетінде IV Мұрат хан дәуірінде өмір сүрген Аллаһ достарынан бірі. Қартайған шағында бір керуенмен Стамбулға келеді. Шаршағанын басып, тынығу үшін моншаға барады. Бірақ сол күні моншаны уәзірлер жауып қойған еді. Моншашы оны моншаға кіргізгісі келмейді. Хабиб ата: «Мына шаң-шаң денеммен Раббыма ғибадат жасауға ұяламын» деп, моншаға кіргізуін өтінеді. Моншашы қарт кісінің сөзін қайтаруға даты бармай, өтінішін қабыл етеді. Бір бөлмені көрсетіп: «Ата, мына бөлмеде тез жуынып шығыңыз. Сізден ақша да алмаймын, тек уәзірлер көріп қалмаса болды» дейді. Хабиб ата қуанып, көрсеткен бөлмеге кіріп, жуына бастайды. Сол арада моншаға түсуге екі жас жігіт келеді. Бірі ұзын бойлы, әдемі келген жігіт. Ал екіншісі халық танып қоймауы үшін киімін ауыстырып келген IV Мұрат хан еді. Уәзірлерін бақылауға келген болар. Моншашы бұларға да уәзірлер көріп қоймауын ескертіп, тез шығуын өтінеді. IV Мұрат хан Хабиб атаның жанына кіреді. Ақырын, дауысын шығармай жуына бастайды. Бұл арада көрші бөлмелерден уәзірлердің гүрілдеген дауыстары шығып жатты. Хабиб ата оны өзі сияқты қарапайым халықтың бірі деп ойлап: «Балам, арқаң кірлеп кетіпті, рұқсат етсең ысқалап берейін» дейді. Патша әлгі сөзді естіп, рахаттанады. Өйткені өмірінде бірінші рет патша екенін білмей, ешбір ақы сұрамай жақсылық жасауды ұсынып жатыр еді. Риза болып, Хабиб атаның алдына тізерлеп отырады. Хабиб ата Сұлтан Мұрат ханның арқасын жақсылап ысқалайды. Ысқалап болған соң патша тек рахмет айтумен қоймай: «Ата келіңіз, мен де сіздің арқаңызды ысқалап берейін» дейді. Хабиб ата: «Мейлі балам» деп сұлтанның қасына отырады. Сұлтан Мұрат арқасын ысқалап жатқан кезде: «Ата, мына қу дүниеде Сұлтан Мұратқа уәзір болу бар екен, қараңызшы моншаны бастарына көтеріп жатыр» дейді. Сонда Хабиб ата: «Еее балам. Сұлтан Мұрат дегенің кім? Сен алдымен әлемдердің сұлтанына өзіңді жақсы көргіз. Егер Ол сені жақсы көретін болса, тіпті арқаңды да Сұлтан Мұратқа ысқалатып қояды» деген екен.