Untitled Document

Тарих - Құтайба бин Мүслим хазреттері (2)

Бұхара қаласында бұрын буддисттердің ғибадатханасы болып, кейін мәжусилердің (отқа табынатындардың) ғибадатханасына айналдырылған жерге Махи Руз мешітін салдырды. Сондай-ақ Самарқанд қаласының алынуының алғашқы күндерінде қаланың ең әдемі жеріне үлкен мешіт салдырады. Құтайба бин Мүслим хазреттері Түркістан өлкесіндегі жаулап алынған бүкіл қалаларға және ауылдарға мешіттер салдырды. Ал кейбір жағдайларда жаулап алынған қаланың нышаны ретінде қаладағы ең үлкен және ең маңызды ғибадатхананы мешітке айналдырды.

Құтайба бин Мүслим хазреттері және өзге де араб мүжаһидтері жергілікті халықтың үйіне таңдаулы арабтарды қонақ ретінде орналастырды. Осылайша жаңадан мұсылмандықты қабылдаған түріктердің діндерін ең жақсы түрде үйренуін қамтамасыз етті. Елімізде қожамыз дейтін адамдардың түбі осындай араб мүжаһидтеріне тіреледі. Сәйид қожалар болса пайғамбарымыздың әулетінен болып келеді. Қожа – ұстаз, мұғалім, құрметті, мырза деген мағыналарға келеді.

Құтайба бин Мүслим хазреттері мұсылмандықты қабылдағандарды намаз оқуға ынталандыру үшін оларға сыйлық беруге уәде берді. Әр жұма күні қызметшілер: «Жұма намазын оқығандарға екі дирхам ақша беріледі» деп, халыққа айғайлап жар салады. Бұны естіген халық, әсіресе кедейлер бұл сыйлықты алу үшін мешіттерге қарай асығатын болды.

Құтайба бин Мүслим хазреттері 714 жылы шәһид болды. Қабірі Өзбекістанның Ферғана аңғарындағы Андижан облысының Памуклу ауылында. Орта Азия халқының арадан қаншама ғасырлар өтсе де оны ұлы әулие, шәйх, имам деп білуі, қабіріне зиярат жасап, оған үлкен құрмет көрсетуі, оның қандай киелі жерді жаулап алғанын және діни сезімдеріне қалай әсер еткенін ашық түрде көрсетуде.