Untitled Document

Сұхбат - Періштелерге қалай иман келтіреді?

Періштелер Аллаһу та'аланың құлдары болып саналады. Олар Аллаһтың серігі емес. Кәпірлер періштелерді Аллаһу та'аланың қыздары деп санайды. Бұлай сену дұрыс емес. Аллаһу та'ала періштелердің барлығынан разы. Періштелер Аллаһу та'аланың әміріне мойынсұнады, күнә істемейді, еркек-әйел болып бөлінбейді, үйленбейді, ұрпақ таратпайды. Олар жанды, өмір сүреді. Періштелердің кіші қателері (бұған "зәллә" делінеді) олардың күнәсыздығына әсер етпейді.

Періштелердің саны өте көп. Санының қанша екенін Аллаһу та'аладан басқа ешкім білмейді. Көкте періштелер ғибадат жасамайтын бос жер жоқ. Аспанда да, жерде де, өсімдіктерде, жұлдыздарда, жандылар мен жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаш жапырақтарында, әрбір молекула, әрбір атомда, әрбір реакцияда, әрбір әрекетте, қысқасы барлық нәрседе періштелердің атқаратын міндеті бар. Олар әр жерде Аллаһу та'аланың бұйрықтарын орындайды. Аллаһу та'аламен Оның жаратқан нәрселерінің арасындағы құрал сипатында болып, кейбірлері басқа періштелерге әмірлік етеді, кейбірі пайғамбарларға хабар жеткізумен айналысса, тағы кейбірі адамның жүрегіне жақсы ойлар салады, ол "илхам" (шабыт) деп аталады. Кейбіреулері адам мен жаратылыстан хабарсыз тек Аллаһу та'алаға құлшылық етумен шұғылданады. Періштелердің қанаттары бар. Олардың қанаттары қандай екенін біз білмейміз. Қанаттары да өздерінің денесінен болады. Христиан шіркеулерінде, кейбір басылымдар мен фильмдерде періште деп көрсетілетін әйел суреттері ойдан шығарылған нәрсе. Олар періште емес. Жұмақ періштелері жәннатта болады. Ең ұлысының аты – Ридуан. Тозақ періштелері де жаһаннамда Аллаһу та'аланың бұйрықтарын орындайды. Олар Зәбани деп аталады. Ең ұлысының аты - Малик.

Әрбір адамның жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын жазып отыратын, екеуі күндіз, екеуі түнде келетін төрт періште "кирамән катибин" немесе "хафаза періштелері" деп аталады. Хафаза періштелері бұлардан бөлек деп те айтылады. Оң жақтағы періште сол жақтағыға әмір саналады, жақсы істер мен ғибадаттарды жазады. Сол жақтағы періште жасалған жаман әрекеттерді жазады. Қабірде күнәһар мұсылмандарды азаптайтын және қабір сұрағын сұрайтын періштелер бар. Сұрақ сұрайтын періштелер "Мункәр" және "Нәкир", мұсылмандардан сұрайтындар "Муббашир" және "Башир" деп аталады.