Өлең - Балаларға насихат
| Тырысалық, ғазиз жас, |
| Балалыққа болмай мас, |
| Оқып сабақ, білсеңіз, |
| Есімің болар елге паш. |
| Ойыншы жалқау баладан |
| Үйір болмай аулақ қаш! |
| Ғылым білген адамдар |
| Кедей, мұқтаж, болмайды аш. |
| Болсын десең ісім оң, |
| Шәкірттерден қалма соң. |
| Май секілді жұмсақ бол, |
| Мұздай қатты болма тоң. |
| Біл сабақты, жазу жаз, |
| Жасыңнан бол өнерпаз. |
| Күні бойы жүгіріп, |
| Ойнағанға болма мәз. |
| Сабақ білсең жасыңда, |
| Құстар сайрар басыңда. |
| Отырарсың сен дағы, |
| Жақсылардың қасында. |
| Сабақ білсең жейсің бал, |
| Айтқан сөзге құлақ сал! |
| Әке-шеше, ағаңның, |
| Халпенің де тілін ал. |
| Білсең сені мақтайды, |
| Тәрбиелеп сақтайды, |
| Оқымаған білмеген, |
| Ешбір жанға жақпайды. |
| Тырысып сен де оқысаң, |
| Мақтайды сені барша жан. |
| Өзі келер сені іздеп, |
| Ұшқан құспен далада аң. |
| Тайыр Жомартбаев |