Мақала - Телеарнадағы арсыздық (2)
Арсыздықтың белең алған елдерде тәрбиенің бұзықтығынан әлеуметтік күйзелістер орын алуда. Әр түрлі қылмыс, анархия, тероризмге жол ашуда. Осылайша мемлекет іштен құлдырауда. Кез келген нәрсені жақсы жолда немесе жаман жолда қолдануға болады. Телеарналарда осындай озбырлықтардың орнына, тәлім-тәрбиеге, ой-өрісті дамытуға негізделген, ең болмағанда әдепті бұзбайтын отандық бағдарлама, кино, көрсетілімдерге орын берілсе, ең болмағанда сарапталып, әдетке жат болмағандары іріктелетін жағдай жасалса да көптеген озбырлықтардың алды алынар еді... Ата-аналардың да бұған немқұрайлы қарамауы, теледидар, интернет, секілді ақпарат құралдарын саралап, мұқият бақылауда ұстауы қажет. Ата-аналар интернетті балалардың көзі ашық болсын, үйренсін деп қосып береміз. Алайда интернетте жоғарыда аталған қауіптердің әлде неше есе артығы бар. Денсаулыққа зияндылығы бір бөлек, баланың сана-сезімін улайтын сайттар, ойындар, видеолар толып жатыр. Кей отбасыларда таң атысымен кештің батысына дейін теледидар алдынан шықпайтын бүлдіршіндер бар. Дәрігерлер теледидар алдында ұзақ отыру ағзадағы мелатонин гармонының азаюына жол ашатынын, ал бұл өз кезегінде иммунитеттің әлсіреуіне, тіпті мелатонин жетіспеушілігі қатерлі ісік ауруларына жол ашатынын мәлімдеуде. Сондай-ақ балалардың теледидар алдында ұзақ отыруы мидың және дене бітімінің жетілуін тежейді. Сақ болсаң сау жүресің демекші, қолымыздан келгенше өзімізді және балаларымызды бұл қауіптен сақтауға әрекет жасауымыз керек және тәрбиелеріне мән беріп, шектен шығармауымыз керек.