Untitled Document

Ғибрат - Сүннет ақшасы (1)

Сұлтан Абдулмәжид ханның заманында бір кісі қатты қарызданады. Қандай жұмыс бастаса да, ісі өнбей, ал қарыздары күннен күнге көбейе береді. Осы күйзеліс ішінде ол сол аймақтың аузы дұғалы данышпаны, әулиесі ретінде білінетін мүбәрәк кісіге келіп: «Ұстаз, мен қарызға белшемнен баттым, қолыма алған істің бәрі терісінен кетті, өтінемін, маған осы тығырықтан шығуға жол сілтеңіз!»- дейді. Әулие кісі: «Балам, таң намазын 40 күн бойы, Енижами мешітінде оқы. Мешітке барар және қайтар жолда 1000 истиғфар айт. Иншаллаһ қырқыншы күні қарызың да, қиыншылығың да қалмайды» дейді. Бұл кісі ертеңгі күннен бастап таң намазына Енижами мешітіне келіп, истиғфар айтуды бастайды. 39 күн бойы таңертең ерте тұрып, бамдат намазына барады. Ал қырқыншы күні бамдат намазының азаны оқылып жатқан кезде оянады. Намазға кешігіп қалатынын ойлап: «Қап, енді бұл да менің қолымнан келмеді ме?» -деген оймен орнынан атып тұрып, дереу дәрет алып, киініп, мешітке қарай жүгіреді. Жолда жүгіріп келе жатып біреумен соқтығып қалады. Басындағы сәлдесі жерге түседі. Қараңғыда жерден сәлдесін ала салып мешітке қарай жүгіреді. Соңында әйтеуір намаздың соңғы рәкаттарына үлгереді. Намаздан кейінгі оқылатын Құранды да күтпей, аулаға шығып отырады. Кейін өз-өзіне: «Қырық күндік намазды айтқанындай оқыдым. Енді айтқаны келер ме екен, қиындықтарымнан құтылар ма екенмін?» деп ойланып отырғанында мешіттен шыққан адамдар үлкен қуанышпен әлгі кісінің алдына алтын ақшалар тастап өте бастайды. Ол аңтаң, не болып жатқанын түсінбей, алтындарды жинап, санайды. Алтындар тура қарызын төлей алатындай мөлшерде еді.

(Жалғасы ертең...)