Untitled Document

Тарих - Алпарслан мен уәзірі

Бір күні Сәлжүк сұлтаны Алпарслан уәзіріне: «Сен неге маған дұшпандық етіп, патшалығымға көз тігіп жүрсің?»- дейді. Мұны естіген уәзір: «Мырзам, бұл не дегеніңіз? Менен қандай қателік кетті?»-дейді. Сұлтан: «Сенің хатшың батини (сектант) емес пе?» -деп сұрайды. Уәзір: «Оны елеп қайтесіз, от боп келсе, ұшқыны да түк етпес, у боп келсе, уын шашып үлгермес»-дейді. Сұлтан: «Сол хатшыны алып келіңдер»-деп бұйырады. Нөкерлер дереу барып, хатшыны патшаның құзырына алып келеді. Патша хатшыдан: «Сен батинисің, Бағдат халифасының айтқаны дұрыс емес дейсің, солай ма?» -деп сұрайды. Хатшы: «Жоқ мен батини емеспін, рафизимін»-дейді. Ол да адасқан ағым. Сұлтан: «Өзіңді рафизимін деп ақтайтындай рафизилік батиниліктен үстем деп ойлайсың ба?»- дейді. «Мейлі, әкетіңдер оны, оның кінәсі жоқ. Кінә, оны жұмысқа алған адамда»-дейді. Кейін патша аттың қылынан тоқылған кілемнен бір тал қылды жұлып уәзіріне береді: «Мына қылды үз!»-дейді. Уәзір қылды үзеді. Кейін патша кілемнен 5 тал қылды алып береді, оны да қиналып болса да үзеді. Онан соң 20 тал қыл беріп: «Ал енді мынаны үзіп көр!»-дейді. Уәзір қанша тырысса да, үзе алмайды. Сонда сұлтан былай дейді: «Міне көріп тұрғаныңдай дұшпан да осаған ұқсайды. Дұшпандардың саны аз болса, оларды жеңу оңай болады. Бірақ саны көбейген сайын оларды жеңу мүмкін болмайды. Олар арамызға алдымен біреу-біреу болып кіріп, үкіметті иеленгеннен соң, аз уақыттың ішінде бізді құлатуға тырысады. Сондықтан қызметкерлерің бөтен адам болмауы тиіс. Егер патшаға қарсы болғандарды өзіңе жақындататын болсаң, бұл ісің әрі өзіңе, әрі патшаға қарсы жасалған опасыздық болады. Кез келген патшаның дұшпанымен достық құрған адам, патшаның дұшпандарының қатарына өткен болып саналады. Ұрылармен бірге болғандар да солардың қатарына кірген болып есептеледі.»