Untitled Document

Күннің тарихы - Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) Шығ. Қаз. Обл. Абай ауданында дүниеге келді. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады.
Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да өте ақылды болған. Әкесі Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды.

Құнанбай Абайдың өзге балаларынан ерекше зеректігін сезіп, оны әрі карай оқытпай, ел ісіне араласуға баулиды. Абай әке қасында болған жылдарда қазақ даласындағы әлеуметтік өмір қайшылықтарын жан-жақты тани түседі. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен пара-қор орыс әкімдерінің, жергілікті жарамсақ болыстар әрекеттерінің халық тағдырына кеселді, зияндылығын айқын түсініп, соған карсы батыл қимылдар жасаған. Алайда оның тамыры тереңде жатқанын, отарлау жүйесінің бел алып, елдің кұрсауда қалғанын сезіп күйзелген. Ел баскару қызметінде барынша әділ болып, халық қамын ойлаған, "тура биде туған жоқ", принципті ұстанған. Ғұмырының соңына қарай пенделік шаруалардан бойын аулақ салып, уақытының көбісін шығармашылыққа арнаған.

Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.
Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар.