Сұхбат - Мазһаб және мазһабсыздық
Төрт мазһабты мойындамайтын адасқан ағымдарды мазһабсыз, сектант деп атайды. Еліміздегі мазһабсыздардың ең танымалдары сәләфилер, уаххабилер, яғни сектанттар. Мазһабсыздар "Мазһабпен жүрмеу керек", "Әр адам Құран оқып, хадис оқып өзі үкім шығаруы керек" деп айтады. Әр түрлі секталардың, әр түрлі топтардың, әр түрлі намаз түрлерінің, әр түрлі дәрет түрлерінің шығуы да осындай қате пікірлердің салдарынан туындауда. Өйткені әр адамның деңгейі, түсінігі, ой-өрісі, өмір сүріп жатқан заманы әр түрлі болады. Әр адам өз түсінігімен бұрмалағанда қанша адам болса, сонша дін, сонша секта пайда болады. Бұл ақыр заман белгілері. "Қазанға жақындасаң күйесі жұғады" демекші, бұлар да бір күйе, жұқпалы ауру... Сондықтан ондай адамдардан аулақ болу керек.
Діннен үкім шығара алу үшін мүжтәһид ғұлама болу керек. Хижри 400 жылдардан кейін мутлақ мүжтәһид жетілмегені туралы және өтірікпен бидғаттар көбейгені көптеген кітаптарда жазулы. Яғни хижри 400 жылдардан кейін өз басымен үкім шығара алатын ғалым жетілмеген. Сондықтан қазіргі таңда әрбір мұсылманның үкім шығаруға ұрынбай, Пайғамбарымыздың дәуіріне жақын өмір сүрген, мутлақ мүжтәһид болған мазһаб имамдарының үкімдерімен жүруі, яғни төрт мазһабтың бірімен жүруі керек. Орталық Азия халықтары 100 пайызға Ханафи мазһабын ұстанады. Яғни біздің елде кітаптары, үкімдері ең көп тараған Ханафи мазһабы. Біз Ханафи мазһабының үкімдеріне мойынсұнуымыз керек.
Мазһабсыздар (уаххаби, сәләфилер) көбінесе дөрекі, тәкаппар, менменшіл келеді. Хақты, насихатты қабылдамайды. Тез ашуланып, кез келген бүлікке, фитнаға дайын тұрады. Мәселенің анық-қанығын білмей тұрып, көрінген нәрсеге бидғат, ширк, күпір деп лай шапқылауды әдеттенеді. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер ең көп уаххаби, сәләфилерден шығуда. Фитнаға себеп болуда. Солардың бүліктерінің кесірінен бүкіл мұсылмандар зиянға ұшырауда, қысым көруде. Ондай адамдардан аулақ жүру керек.