Untitled Document

Күннің тарихы - Талғат Бигелдинов (1)

Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов - Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері. 1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының өзен-көлі тасыған, емдік суы атқылаған Майбалық ауылында туған. Ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болған. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысты. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. Майданнан оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланды.

Бір сұхбатында Талғат Жақыпбекұлы былай дейді: «Біздің штурмовик сексен рет аспанға көтерілген болса, Батыр атағы беріледі. Егер жүз алпыс рет ұрыс салса, Кеңес одағының Батыры атағын екінші рет тағы аласың. Үш жүз отыз рет ұшсаң, үшінші мәрте Батыр боласың. Мен мынау штурмовикпен үш жүз бес рет ұшып, екі геройлықты алып отырмын. Бірақ, үш рет батыр атағы бұйырған ешкім жоқ»

Талғат Бигелдинов аспанға ұшар алдында 101 жасқа келген нағашы апасы (анасының әпкесі) үйреткен дұғаны оқыған екен. «Балам, мен саған бір дұға үйретіп берейін. Күн күркіреп, найзағай ойнағанда осы дұғаны оқып жіберсең, саған жасын тимейді. Туралап келсе де, сені айналып өтеді», - деген екен. Осы дұға Бигелдиновтің қолдаушы, қорғаушысы болған шығар бәлкім.

(Жалғасы ертең...)