Untitled Document

Сұхбат - Жеті насихат

Имам Ғазали хазреттері дүние істерімен айналысып жүріп, дінін ұстануда мына жеті нәрсеге мән беру керектігін айтқан:

1) Күнде таңертең өзінің, бала-шағасының ризығын табу үшін, оларды ешкімге мұқтаж етпеу үшін, Аллаһу та'алаға таза және жақсы (оңай) ғибадат ете алу үшін, ахирет жолында жүре алу үшін жұмыс істеуге кетіп бара жатырмын деп ниет ету керек. Бұлай ниет еткен адам жұмысын істеген сайын сауап алады.
2) Мыңдаған адам жұмысын істемей бос отырып алса, өзінің бір күн болса да өмір сүре алмайтынын ойлау керек. Мысалы, егінші, шаруа, наубайшы, тігінші, темірші, жіп иіріп сататындар және тағы басқа көптеген қолөнершілердің барлығы сен үшін жұмыс істеуде. Сен олардың барлығына мұқтажсың. Барлық адамдар сен үшін жұмыс істеп жатқанда, сенің бос отыруың, ешкімге пайдасыз болуың дұрыс бола ма? Бұл дүниеде барлық адам жолаушы. Келдік, кетіп бара жатырмыз. Жолаушылардың бір-біріне көмек берулері, бірге тіршілік етулері, бауырдай болулары керек. Әрбір мұсылман осылай ойлауы керек.
3) Дүние істері ахиретке, ғибадаттарға кедергі болмауы керек. Ахиреттің табыс көзі – мешіттер. Мунафиқун сүресінің 9-шы аятында: «Мал-мүліктерің мен балаларың, Аллаһу та'аланы еске алуларыңа кедергі болмасын!» делінген.
4) Базарда, жұмыс орындарында Аллаһу та'аланы зікір ету керек. Әр уақыт Оны ойлау керек. Тілі мен көңілін бос қалдырмау керек. Расулуллаһ алейһиссалам: «Ғафилдердің (азғын адамдардың) арасында Аллаһу та'аланы зікір еткен адам, қураған талдардың арасында тұрған жасыл көшет сияқты және өлгендердің арасындағы тірі адам сияқты және соғыста қашқандардың арасында арыстандай соғысқан адам сияқты болады» деген.
5) Дүние істеріне қатты берілмеу керек. Мысалы, базарға ең бірінші барып, ең соңынан қайтпау керек. Хадис шәрифте: «Саудагердің, дүкеншінің ең жаманы – ерте барып, кеш қайтқандары» делінген. Таң намазын оқып және кітап оқып бірнеше нәрсе үйренбейінше жұмысқа бармауды әдетке айналдыру керек.
6) Күмәнді нәрселерден қашу керек. Харамға жақындаған адам онсыз да пасық болады.
7) Сауда-саттықта сатып алушыға айтқан сөздерін, әрекеттерін, алғанын-бергендерін жақсылап және дұрыс есептеу керек.