Тарих - 1400 жылдық зәйтүн ағашы
Ежелгі Шам деп еске алынатын Бусра қаласы көптеген мәдениеттердің орталығы болған көне қала. Алып ұстындар, сарайлар, театрлар және қамалдарымен танымал.
Бір күні сүйікті пайғамбарымыз келе жатқан Құрайш керуені осы қаланың маңындағы манастрға жақындау жерге тұрақтайды. Бала кезінде керуенмен осы жерден өтіп бара жатқанда бірқатар белгілеріне қарап, Оның соңғы пайғамбар болатынын айтып кеткен дінбасы Бахира ол кезде қайтыс болып, орнына Настура деген поп келген болатын. Ол да пайғамбарымызға сеніп, белгілерін күтіп жүрген еді. Керуеннің түйелері шөгіп, жүктер түсіріледі. Сүйікті пайғамбарымыз сол жердегі қурап кеткен зәйтүн ағашының түбіне барып отырып, біраз демалады. Сол сәтте ағаш бірден көгеріп, жеміс сала бастайды. Бұл таңғажайып құбылыс Настураның назарынан тыс қалмайды. Дереу керуенге жақындап пайғамбарымыздан: «Лат және Узза пұттарымен ант етіп, атыңды айт?» дейді. Пайғамбарымыз: «Маған осы күнге дейін бұдан ауыр сөз айтылмаған еді!» дейді. Настура: «Бахираның айтқан пайғамбар осы ма екен?» деп ойланып, керуендегі Майсарадан: «Көзіңдегі қызыл бұрыннан бар ма?» деп сұрайды. Майсара: «Иә, бұрыннан бар» дейді. Кейін Настура пайғамбарымыздың жанына барып: «Иса алейхиссаламға Інжілді жіберген Аллаһқа ант етіп айтамын, сен соңғы пайғамбарсың. Әттең! Саған уахи келетін күндерге жетіп, сенің қызметіңде болсам ғой» дейді. Кейін Настура Майсара мен Хузейманы оңаша шақырып: «Мен білемін, Мұхаммед дұшпандарынан басым келеді, бірақ сонда да Шамға бармаңдар. Яһудилерге сенім жоқ. Олар сендерге зиян келтіруі мүмкін» дейді. Майсара, керуеннің иесі хазреті Хадишаның «Көп жүрмей, тезірек қайтыңдар!» дегенін есіне түсіріп, жүктерін осында сатып, Меккеге қайтады. Пайғамбарымыздың берекесімен керуен әдеттегіден де қаншама есе көп пайдамен оралады.
Сүйікті пайғамбарымыз Бусраға барған сапарында түбіне барып отырған сол ағаш, айналасы ыстық шөл болса да, арадан қаншама ғасырлар өтсе де әлі күнге дейін көгеріп тұр. Иорданиядағы (Al-Mafraq) шөлде сол ағаштың айналасында бірде-бір ағаш жоқ. Бұл ағаш жайлы түсірілген деректі фильм де ботаниктердің таңданысын тудыруда.