Untitled Document

Тарихи тұлға - Сәһл бин Абдуллаһ Тустари

Сәһл бин Тустари хазреттері ұлы әулиелерден еді. 815 ж туылып, 896 ж Басрада қайтыс болды. Жастайынан Құран кәрім және өзге ілімдерді меңгерді. Нағашысы Мұхаммед бин Сувардың сұхбаттарында жетілді. Қажылыққа барғанында Зуннун Мысримен кездесіп, оған шәкірт болды. Тасаууф ғалымдарының ұлыларынан және мүжтәһидтерден, дәуірінің сұлтаны және ақиқаттың дәлелі еді. Аз жеу, аз ұйықтау, көп ғибадат ету, риязатта (нәпсінің қалауларын орындамау) және кераметте теңдесі жоқ дерлік тұлға.


Өмірінің соңында аяқ-қолдары қимылдамайтын болып, төсек тартып жатып қалады. Намаз уақыты кіргенде аяқ-қолдарына жан бітіп, намазын оқып алатын. Намазы біткен соң қайтадан қимылдамай қалады. Бір күні зікір жайлы сұхбаттасып отырған кезде: «Кімде кім Аллаһу та'аланы ықыласпен, лайықты түрде зікір етсе, өліні тірілтуге ниет етсе, тіріледі» деп, қолымен алдында тұрған бір мүгедек адамды сипаған кезде, әлгі кісі жазылып кетеді.

Өлім төсегінде жатқан кезінде Сәһл бин Абдуллаһтан бір шәкірті: «Ұстаз, сізден кейін мінберге кім шықсын?»- деп сұрайды. Сәһл бин Тустари хазреттері көздерін ашып, «Шадидил» есімді бір кәпірді атайды.

йналасындағылар: «Ұстазымыз алжасыпты. Осыншама мұсылман ғалымдар тұрғанда орнына бір кәпірді өткізгені несі»- деп гүбірлей бастайды. Сәһл хазреттері: «Басымда шуламаңдар. Менің уақытым аз. Барыңдар, маған Шадидилді шақырыңдар,»- дейді. Шадидил келген кезде оған: «Ей Шадидил! Мені жақсылап тыңда. Үш күннен кейін мінберге шығып, мұсылмандарға уағыз айт. Бұл менің саған өсиетім», дейді. Шадидил, Сәһл бин Абдуллаһ Тустари хазреттері қайтыс болғаннан кейін үш күн өтіп, екінді намазынан кейін, басындағы кәпірлік белгісі мен беліндегі (зуннар) жібімен мінберге шығып, былай дейді: «Ей мұсылмандар! Ей Сәһл Тустаридің шәкірттері. Ұстаздарың маған бір кезде: «Ей Шадидил! Беліңдегі жібіңді тастайтын уақыт келмеді ме?» деген еді. Міне бүгін бұйрығын орындап жатырмын» дейді. Кейін беліндегі жіпті тастап, кәлимаи шаһадат айтады. Оның мұсылман болғанын көрген жамағат қуаныштарынан жылайды.