Мақала - Ас атасы – нан (1)
Бидай ұны, бидай наны – асхананың мырзасы, астың атасы саналады. Бидай егіншілігі өлкемізде ерекше орында. Еліміз әлемде бидай экспорты бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Бидай ұны көптеген азық-түліктердің шикізаты. Бұлардың ең басында – дастарханның төресі нан келеді. Барлық ас мәзірлері нансыз өтпейді деуге де болады. Адам күнде бір тамақты жеуден зерігуі мүмкін, бірақ наннан шықпайды. Кейде үйлерде тамақ аз болып қалса «Нан қосып жеңдер» деп ескертіліп те жатады. Нанның түрлері де көп. Кей жерлерде арпа, сұлы, жүгері, күріш ұндарынан да нан жасалады.
Нанның тарихы алғашқы адамға Адам алейһиссаламға ұласады. Оңай және арзан қол жетімді болғандықтан тарихтың алғаш кезеңдерінен осы күндер қарсаңында нанға деген сұраныс артып, адамдар барлық дәуірлерде нанды тұтынып келген. Зерттеу жұмыстары бойынша б.з.д. 3500 жылдары Мысырда Теп қаласында нан пісірілгендігі анықталған. Мұның дәлелі тасқа ойылған суреттердегі нан пісіру құралдары. Сондай-ақ Швецариядағы көлдердің маңында жасалған қазба жұмыстарында нан жабуда қолданылған тарихи бұйымдар да табылған. Англиядағы Британ музейінде (British Museum) 5000 жылдық Мысырлық нан бөлшектері бар.
Қазақта нанды жоғары тұтады. Тек қазақ қана емес, жалпы мұсылман қауымы нанды ерекше қастерлейді. Нанды жерге тастамайды, қиқымын да шашпайды. Бір қолмен үзбейді. Жерге түскенді тазалап жоғары көтеріп қояды. Бұл халқымыздың дініне берік болғандығын, діндегі обал, ысырап ұғымдарын жіті ұстанатындығын көрсетеді. Нан туралы мақал-мәтел, даналық сөздер де көп: «Нан – береке бастауы», «Дәнді шашпа, нанды баспа», «Нан – тамақтың атасы, Ынтымақ көптің батасы», «Нан – дастарханға сән» т.б.