Мақала - Тарихымызды үйренуіміз керек (3)
Сондай-ақ өз тарихымызбен қатар дүние жүзілік тарихты да оқып ғибрат, сабақ алу да маңызды. Тарихты үйренудің көп пайдасы бар. Біріншіден, адам көп өмір сүруді жақсы көреді. Бұл адамның жаратылысында бар. Біреуге дұға еткен кезде де «Өмірің ұзақ болсын...» - деп дұға етеміз. Өмір сүру шарттары қаншалықты қиын болса да, адам өмір сүруден жалықпайды. Көрген қиыншылықтары, ләззаттарынан қаншама есе көп болса да, адам өлімді ұнатпайды, әрқашан өмір сүруді қалайды. Ал тарихты оқыған адам сол дәуірден бері өмір сүргендей сезініп, одан да ләззат алады. Екіншіден, адам өмірде әртүрлі оқиғаларға тап болады. Сол сәтте не істеу керектігін білмей, шешім қабылдай алмай, абдырап қалады. Ал бұл жағдай адамды қиындыққа соғады және қате шешім қабылдауға себеп болады. Егер тарих оқысақ, өмірде кездескен істің дәл өзіне немесе соған ұқсас жағдайларды көреміз. Кейбіреулері ісінде жетістікке жеткен, ал кейбіреулері дұрыс шешім қабылдай алмай, сәтсіздікке ұшыраған. Жетістікке жеткендердің қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын үйренеміз және солар сияқты әрекет етуге тырысамыз. Үшіншіден, тарих оқудан дүниеге деге махаббат азаяды. Әлемді билеген сұлтандар, патшалар бүгін қандай халде! Барлығы топыраққа айналып, құмырсқаларға жем болып, шіріп, жойылып кеткен.
Бүкіл әлемді билеген патшалардың бірі Ескендір Зұлқарнайн хазреттері қайтыс болғанында, сол дәуірдің бір данышпан қариясы табыттың қасында тұрып, былай дейді: «Ей ұлы адам! Сен тірі кезіңде де бізге жақсы насихаттар айтатын едің, бірақ ең жақсы насихатты бүгін айттың! Яғни сен былай дедің: Менің халімнен үлгі алыңдар. Кешегі күнге дейін бүкіл әлімге билік еттім, ал бүгін табыттамын. Бірнеше сағаттан кейін жерге көмілемін. Байлықтарың, мал-мүліктерің қанша көп болса да, бұл өлім сендердің де бастарыңа келеді. Ешқашан тәкаппар болмаңдар, дүниелікке берілмеңдер. Өйткені бұл дүние мәңгілік емес.»