Мақала - Тарихымызды үйренуіміз керек (1)
Қандай да бір халықтың әдет-ғұрпын, әсіресе тарихын ұмыттыру – оларды құрдымға жіберудің, әлем сахнасынан жоюдың оңай жолы. Ұлттық құндылықтарынан, елдік тәжірибелерінен мақрұм қалған халық, болашағын құру үшін мықты негіз таба алмай, жойылуға бейім болады. Мұның мысалын өз түбін, өз тілін жоғалтып басқа ұлттарға сіңісіп кеткен қаншама мәдениеттерден көруге болады.
Үлкен державалардың үлкеюінің негізгі себептерінің бірі, тарихқа қатты мән беруінде. Біз де солар сияқты тарихымызды, әдебиетімізді жақсылап үйренуіміз қажет. Тарихи, әдеби деректерді оқу арқылы патриоттық сезім, отанға деген махаббат пайда болады.
Бұл өте маңызды мәселе. Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарымыздың білімді, табысты болуын, отанын жақсы көретін, елін алға сүйрейтін патриот, ұлтжанды болып қалыптасуы қажеттігіне тоқталып: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек.», «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» деп патриотизм мәселесін атап өткен болатын.
Осы тұрғыда айтылатын тағы бір өзекті мәселе жастарымыздың ана тілін толық меңгеріп, оны құрметтеуін қамтамасыз ету, ана тілін білмеудің ұят екендігін саналарына сіңдіру, (әсіресе қалалық жастардың, қоғамда, үй ішінде қазақ тілінде сөйлеуі) де келешек буынның өз отанына бауыр басуына үлкен негіз болмақ.
(Жалғасы ертең...)