Untitled Document

Ғибрат - Махмұд Ғазнауи және Аяз (1)

Жаздың шыжыған ыстық күндерінің бірі еді. Елсіз далада ұзағынан созылған сапар, төбеден күннің аптаған қызуы төгіліп тұрды. Ат үстінде сағаттап жол жүріп әбден қажыған Махмұд Ғазнауи мен жолдастары не бір өзенге, не бір су бұлағына да кезігер емес еді. Бір төбені асқандарында алдыларынан жыртық жамаулы бірнеше киіз үй шыға келді. Сұлтан Махмұд атымен ең шеткі киіз үйге қарай беттеді. Киіз үйдің екі қанаты да ауа алмасуы үшін айқара ашылған күйде. Іште иленген тері үстінде нұр жүзді жас жігіт отыр еді. Жас жігіт келген атты кісілерді көріп дереу орнынан атып тұрып, Сұлтанның атының тізгінінен ұстап, шаң мен терге боранған қолбасшыға: «Мырзам, күн астында қатты шаршағанға ұқсайсыздар, үйге кіріп көлеңкелеп тынығып алуыңызды өтінемін» дейді. Сұлтан атынан түсіп, әлгі жігітке қарап, «балақай сен алдымен маған бір кесе су бер» дейді. Жас жігіт: «Тақсыр, үйде дәл қазір су жоқ еді, бірақ әкем суға кеткен, жақын арада келіп қалады» дейді. Сұлтан: «Олай болса біз осында күте тұрайық», деп үйге кіріп жайғасады. Арадан бес-он минут өткен соң, әлгі жас жігіт қалайы ыдыспен салқын, мөлдір су әкеліп сұлтанға ұсынады. Сұлтан бір жағынан таңырқап, бір жағынан ашулы күйде: «Сен бағана су жоқ деген едің, ал енді болса, су әкеліп тұрсың, мұның не?» деп сұрайды. Жас бала: «Сұлтаным, біраз бұрын тер ішінде едіңіз, денеңіз оттай қызып тұрған болатын. Егер сізге сол сәтте су бергенімде сырқаттануыңызға жол берер едім. Ал қазір болса, қалағаныңызша су ішсеңіз де зияны болмайды» дейді. Сұлтан жас жігітке тағы бір көз жүгіртіп, мына бала жүзінің нұрлылығымен қоймай, өте ақылды адамға ұқсайды деп ойлайды.

(Жалғасы ертең...)