Untitled Document

Ғибрат - Судың да сұрауы бар

Халифа Харун Рашид, сарайының бақшасындағы бір гүлді қатты ұнатады. Жайсаң жапырағы, хош иісі, әдемі көрінісімен назарын тартқан осы гүлге ерекше күтім жасауын тапсырады бағбанына.

Бағбан бір күні таңертең гүлдің бұтағына қонған бұлбұл қанша жапырағы болса барлығын тұмсығымен жұлып тастағанын көреді. Қорққанынан халифаға жүгіріп келіп: «Сұлтаным, бір бұлбұл сіз ұнататын гүлдің жапырақтарын жұлып тастапты»,- дейді. Харун Рашид салмақты үнмен: «Қам жеме, ешкімнің ісі сұраусыз қалмайды»,- дейді. Бұл сөзді естіген бағбанның жаны жай тауып, жұмысына қайтады. Бір күні бағбан әлгі бұлбұлды жыланның жұтып жатқанын көреді. Патшаны көргенінде: «Сұлтаным, өткендегі бұлбұлды бір жыланның жұтып жатқанын көрдім»,- дейді. Сұлтан тағы да: «Демек, жыланның жасағаны да жазасыз қалмаса керек»- деп жауап береді. Бір күні бақшада жұмыс істеп жүріп әлгі жыланды көріп, дереу қолындағы күрегімен ұрып өлтіреді. Біраз күндер өткеннен кейін, бағбан қателік жасап, қылмысты болып халифаның алдына шығарылады. Халифа оның жазаландырылуын әмір етеді. Қызметкерлері дереу бағбанды ұстай жөнелгенінде, бағбан артына бұрылып, былай дейді: «Сұлтаным, бұлбұлдың жасағаны жазасыз қалмайды деп едіңіз, оны жылан өлтірді. Жыланның жасағаны жазасыз қалмайды деп едіңіз, оны мен өлтірдім. Енді менің де жасағаным жазасыз қалмай, зынданға тастамақсыз. Ешкімнің жасағаны жазасыз қалмайды да, сіздікі қала ма? Демек сізді де жазаға тартатын біреу табылады. Ендеше, сіз де мені жазаландырмаңыз, сонда сізді де тізе бүктіретін ешкім шықпас!-дейді. Бағбанның бұл сөздері Сұлтанға ұнап, өзіне жасалған қылмысын кешіреді. Аталарымыздың «Судың да сұрауы бар», «Біреудің бұзауына дегені, өзіңін өгізіне келеді» деген даналық сөздері де осы мағынаны айқындап тұрғандай. Ешкімнің күнәсі жазасыз қалмайды. Жазаны дүниеде көрмесе, ахиретте міндетті түрде көреді. Бірақ ғапыл адамдар бұны түсінбейді. Жасаған күнәлары сұраусыз, жазасыз қалады деп ойлайды! Жазасыз қалады деп ойлағандар, одан да үлкен жазамен ахиретке қалдырылады.