Сұхбат - Қиындықта сабыр ету (3)
Дерт, бәле, қиыншылықтар – күнәларға кәффарат болып табылады. Яғни күнәлардың кешіріміне себепші болады. Құран кәрімде былай делінген: «Сендерге келген әр бақытсыздық, өз қолдарыңмен істеп, тапқан күнәларыңның кесірінен. Солай бола тұра Аллаһ көпшілігін кешіреді, бақытсыздыққа ұшыратпайды.» (Шұра 30)
Демек, жасаған күнәларымыздың бір бөлігіне жаза ретінде келеңсіздік, бақытсыздық келеді. Осылайша, ақыретке қалдырмай, күнәміздің жазасын осы дүниеде тартамыз, ал бұл дүниедегі жаза ақыреттегіден жеңіл.
Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына бара жатқанында жолда алдынан үмметінен бір адам шығады. Үсті басы жара, өзі сырқатты халде еді. Әлгі адам Мұса алейһиссаламға: «Аллаһу та'алаға айтшы, маған мейірімімен мәміле етсін, халімді көріп тұрсың ғой» деп өтінеді. Оның аянышты жағдайынан қатты әсерленген Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына келгенде «Йа Раббым, пәлен құлың, сенен мейіріміңді тілеуде» дейді. Аллаһу та'ала: «Ей Мұса, мен оған онсыз да мейірім етудемін, менің мейірімім оны осы халге келтірді» дейді. Мұны Ислам ғалымдары былай түсіндіреді: Аллаһу та'ала әзелде барлық амалдарыңның қайтарымын беремін деген. Ал бұл адамның күнәлары көп еді, дүниеде қиындық бермесе мұның қайтарымы ахиретке қалады. Ал ахиреттің азабы өте ауыр болады. Ол жақта өтеуі өте қиын болады. Алайда мейірім етілгендіктен күнәларының жазасы дүниеде осы ауруларымен жойылады. Сондай-ақ науқастанғандықтан ол құлы да тұрақты түрде «Аллаһ, Аллаһ» деп дұғасын тоқтатпайды. Осылайша мейірімге қауышты.