Күннің тарихы - Ермұхан Бекмаханұлының 100 жылдығы
Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (15.02.1915, Төре ауылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысында туылып — 06.05.1966, Алматыда дүниеден озды.) — тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі. Е.Бекмахановтың ғылыми мұрасы оның тақырыптарының алуан түрлі болуымен, тарихи мәселелерді кең қамтуымен және оларды байыпты шешуімен ерекшеленді. Оның еңбегінің бастысы 1947 ж Алматыда орыс тілінде жарық көрген "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан" атты монографиясы болды. Осы тақырыпта 1946 ж Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Асыра сілтеу, бұрмалау жөне күдікшілдік бел алған осы тұста бұл еңбекке пікір айтушылардың кейбіреулері оны Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсеткен еңбек деп бағалап, оны буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінәға ұшыратты. Ермұхан Бекмаханов бірақ айтқанынан қайтпады. Халқы үшін жан аямай күрескен Кенесары Қасымовтың батыр екенін дәлелдеген, оның кітабын да, өзін де қызыл империя аямай жазалады. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды. Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е. Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды. Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты. ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды. Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Өмірінің соңғы он жылында өнімді еңбек етіп, терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлауда ат салысты. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.