Ғибрат - Қазы Ияд хазреттері
Бір күні бір саудагер шөлде келе жатып, 800 алтыны бар жол дорбасын жоғалтып алады. Қанша іздесе де таба алмайды. Кейін халыққа: «Осындай ерекшеліктегі дорбамды жоғалттым, тапқан адамға 100 алтын сый ақы беремін»- деп хабарлайды. Бір жас жігіт бұл дорбаны тауып алып, саудагерге апарып береді. Саудагер дорбасының өз қолымен тіккен тігісінің ашылмағанын көріп, тігісін ашып, ішіндегі алтындарын санай бастайды. Алтындарының түгел екенін байқағанымен, сый ақы бермеу үшін әлгі жігітке: «Бұл қаптың ішінде 900 алтын бар еді, ал қазір 800 алтын бар. Сен онсыз да 100 алтынды алыпсың»,- дейді. Жігіт: «Мен ішінде алтын барын да білмейтінмін. Бетін де ашпай, тұрған күйінде әкелдім»,- десе де, саудагер қабылдамайды. Кейін жігіт Қазы Ияд хазреттеріне барып, болған жағдайды, саудагердің өзіне ұры деп жала жапқандығын айтады. Қазы Ияд хазреттері саудагерді сол дорбасымен бірге келуін айтады. Саудагер Қазы Ияд хазреттеріне келіп, жігітке айтқан өтірігін айтады. Қазы хазреттері: «Жігіт дорбаны саған ашылмаған күйде әкелген бе еді? Дорба өзің тіккенің сияқты тігілген бе еді?»- деп сұрағанында, саудагер: «Иә, мен өзім өзгеше тіккен болатынмын. Алайда маған келген дорба ашық еді»,- дейді. Содан соң Қазы Ияд хазреттері: «Жігіт пен саудагердің сөздеріне қарағанда, табылған дорба саудагердікі емес, басқа адамның дорбасы екендігі мәлім болды. Сондықтан дорбаның өз иесі табылғанға дейін 800 алтын жігітке тапсырылады, егер иесі табылмаса алтындар жігіттің өзінде қалады»,- деп шешім шығарады. Саудагер айтқан өтірігіне өкініп: «Қазы мырза, бұл жерде кінәлі менмін. Жігіттің айтқаны рас. Жүз алтынды бермеу үшін, нәпсіме еріп, оған жала жаптым»,- дейді. Бұны естіген Қазы соңғы шешімін шығарады: «Дорбадағы 800 алтынның жігітке берілуін шештік. Оның 100 алтыны уәде етілген сыйлық. Ал 700 алтыны оған жабылған жала үшін өтелетін ақы»- деп, дорбаны жігітке тапсырады. Бірақ жас жігіт: «Мен ақымды халал еттім, өз сый ақымды алсам жетеді»,- дейді.