Untitled Document

Сұхбат - Өлімге дайындық

Әрбір мұсылман жаннат пен жаһаннамға сенеді. Жаһаннам азабынан құтылып, жаннатқа кіргісі келетін ақылды адамның өлімге дайын болуы керек. Өйткені, пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ақылды адам - өзін есепке тартып, өлім үшін дайындалатын адам» деген. Бір нәрсе үшін дайындалу – ол нәрсені жиі еске алу арқылы болады. Бұл үшін, өз достарының арасындағы өзінен бұрын өліп, бала-шағасын, мал-мүлкін, достарын қалдырып, топырақ астына жерленгендерді ойлау керек. Біреулері байлығымен, біреулер атағымен, біреулер жастығымен мақтанып жүрген еді. Өлім бұларды күтпеген жерден, кенеттен ұстады. Адам осы нәрселерді ойлап, мазарларын зиярат етіп, өзінің де дәл сондай жағдайға тап болатынын білсе, жүрегі жұмсаруы мүмкін, дүниенің зиянды нәрселеріне жармасудан бас тартуы мүмкін.

Әзірейіл алейһиссаламмен бауыр сияқты болған, жиі көрісіп тұратын Яқуб алейһиссалам бір күні оған былай дейді:

- Саған бір өтінішім бар. Ажалым жақындағанда маған хабар бер!
- Жарайды, саған бірнеше хабаршы жіберемін.
Біршама уақыт өткеннен кейін хазреті Әзірейіл тағы келеді. Хазреті Яқуб екеуінің арасында мынадай әңгіме болады:
- Қонақ болып келдің бе?
- Жоқ, жаныңды алуға келдім.
- Маған бірнеше хабаршы келеді дегенің қайда?
- Саған хабаршы келмеді ме? Шаштарың ағармады ма? Денең әлсіремеді ме? Тік тұратын арқаң бүгілмеді ме?

Күн өткен сайын өлімге жақындаудамыз. "Ажалың келді" деген хабар келмей тұрып өлімге дайындықта болу керек, Әзірейіл алейһиссалам келген кезде «Біраз уақыт рұқсат берші, ақысын жегендерімнен кешірім сұрайын, балама телефон соғайын, мына жұмысымды былай істесін деп айтайын, біреулерге қарызбын, біреулер маған қарыз. Осы тірліктерімді тындырып алайын» деп айтуға қажеттілікті сезбеу керек. Өсиетімізді жазып дайындап жүру керек.