Untitled Document

Қырғызстан

Қырғызстан — Орта Азияда орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 198,5 мың км2. Халқы – 5,2 миллион адам. Қырғыздар (60,6%), орыстар (15,3%), өзбектер (14,3%), украиндар, татарлар, қазақтар, ұйғырлар, немістер, тәжіктер, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Астанасы – Бішкек қаласы (624 мың адам). Конституциясы бойынша – Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Заң шығарушы органы (Жоғарғы Кеңес) 2 палатадан тұрады. Ресми тілдері – қырғыз және орыс тілдері. Ұлттық мерекесі – 31 тамыз – Тәуелсіздік күні. Ақша бірлігі – сом. Солтүстігінде Қазақстанмен, шығысы мен оңтүстік-шығысында Қытаймен, оңтүстік-батысында Тәжікстанмен, ал батысында Өзбекстанмен шектеседі. Солүстіктен оңтүстікке 454 км, ал батыстан шығысқа қарай 925 км-ге созылып жатыр. Мемлекеттік шекаралары, негізінен, таулар аркылы өтеді. Сол себепті тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде шекараларын айқындау мақсатында көршілес мемлекеттермен келісімдер жүргізілді. Геосаяси жағынан алғанда ел аумағы аса маңызды аймақ болып табылады. Елдің географиялық орнының бұл ерекшелігін НАТО-ға мүше елдер халықаралық терроризмге қарсы күресте маңызды тірек пункті ретінде пайдалануда. Соңғы жылдары Қырғызстан астанасындағы "Манас" әуежайында НАТО-ның әскери-әуе күштерінің шоғырлануы осының дәлелі.

Қазіргі Қырғызстан жеріндегі алғашқы мемлекеттік құрылымдар б.з.д. II ғасырда пайда болған. Біздің заманымыздың VI—XII ғасырлары аралығында бұл аймаққа Енисей бойынан түркі тайпалары қоныс аударған болатын. Қазан революциясынан кейін бұл аймақ Қара Қырғыз автономиялық облысы деп аталды, ал 1926 жылы Қырғыз КСР-і болып қайта құрылды. 1991 жылы Қырғызстан тәуелсіздігін жариялады. Бүгінде Қырғыз Республикасы әкімшілік жағынан 6 облыстан және Бішкек қалалық кеңесінен тұрады.