Диуани Луғат-ат-Түрк (1)
Махмұд Қашқаридың толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед. Ол - XI ғасырда Қашқарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген ғалым. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан. Қашқарда бастаған тәлімін әрі қарай Бұхара мен Нишапурде жалғастырады. Жинақтаған мол тәжірибесімен байқағанын ол өзінің басты еңбегі - "Диуани лұғати-ат-түрікте" зерделейді.
Түркі халықтарының тарихи мұрасы Махмұд Қашқаридің «Диуани Луғат-ат-Түркі» өкінішке орай түркі әлемі тарапынан жеткілікті мөлшерде білінбеуде. Мектептерде кітаптың аты, авторы жөнінде азын-аулақ қана мәлімет өтуде және көпшіліктің ойында жай ғана сөздік деген ұғыммен шектелуде. Демек көптеген мәдени құндылықтарымыз секілді мұның да қадірін білмеудеміз. Осы және осыған ұқсаған біршама құндылықтар өте аз еске алынуда. ХІ ғасырдың алғашқы түркі грамматикасын қалыптастырған, тайпаларды аралап түркі мәдениетін кітабына енгізген Махмұд Қашқаридің орны ерекше. Кітаптың алғы сөзінде түркілікті мақтап былай дейді:
Мен тәңірдің дәулет ұясын түріктер жұлдызында жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын көрдім. Тәңір оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке ие қылды; заманымыздың қағандарын түріктерден шығарып, дәуір, халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан ажырап, түріктерді паналап, мұңайып келсе, оларды түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады; олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады.» дей отырып сол дәуірдегі түркі тайпаларының қуатын айғақтаған.