Untitled Document

Түрікменстан

Түрікменстан — Орталық Азияда орналасқан мемлекет. Жер аумағы – 491200 км2. Халқының саны 6 млн адамға жуық. Түрікменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Иран және Ауғанстан елдерімен шекаралас. Батысында Каспий теңізімен шектеседі. Түрікмен халқының жалпы саны қазір 20,0 млн артық деген дерек бар. Түрікмендер Ауғанстан, Иран, Түркия, Ирак, Сирия секілді елдерге де кеңінен жайылған. Елдегі түркіменнен кейінгі көп халық өзбектер, одан кейін орыстар. Қазақтардың саны бұрын 120,0 мыңнан асқан екен. Қазір соның жартысына жуығы атажұрты Қазақстанға көшіпті. Қазір 60 мыңға жетер-жетпес қазақ бар көрінеді. Бұлардан басқа армяндар, әзірбайжандар, түріктер, иран халықтары, т.б халықтардың өкілдері де тұрады. Солардың ішінде ирандықтар мен түріктердің ғана ұлттық орталықтары бар. Түрікменстанда ТМД халықтарының ұлттық-мәдени орталықтары жоқ. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы құрлықтағы шекараның ұзындығы 426 км. Ол 2001 ж. шілденің 5-інде ратификацияланған екіжақты келісім-шартпен толығымен шегенделген.

Жерінің 80 % артығын аптап шөл (Қарақұм шөлі), құм көшкіндері, тасты таулар мен ащылы алаптар басып жатыр. Түрікменстанның ең үлкен өзені Әмудария. Оның ұзындығы 1415 км болса, соның 1000 км осы елдің аумағында.

Экономиканың барлық саласында мемлекет үстемдік етіп отыр. Мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігін мұнай мен газды сыртқа экспорттаудан басқа мақта иіру кәсіпорындарының тізбесінен түсетін салық та құрайды. Жерінің 80 % мұнай мен газ бар. Осы уақытқа дейін олардан 144 кен орны табылған. Бірақ соның әзірге 40-қа жуығы ғана игерілуде. Газдың болжамды қоры 21-23 трлн м³, ал мұнайдікі 12 млрд тоннаға жуық делінеді.