Untitled Document

Мақала - Еуропаға еліктеу

Ислам зерттеушісі Карен Армстронгтың “The Guardian” газетіндегі мақаласында былай делінген:
“Мысыр, Тунис сияқты бір қатар Ислам мемлекеттері Еуропаға еліктеу мақсатымен заманауи деген атпен Батыстану үрдісіне көшуді сынап көрді. Алайда, халыққа оңтайлы ықпалын тигізбеді. Өйткені халық өздерінің әдет-ғұрыптарының, діни сенімдерінің және салт-дәстүрлерінің тапталып жатқанына куә болды. Басқармадан үміттерін үзді. Бір жағынан Батыстықтар отарлаған елдерінде мектептер, ауруханалар ашты. Олардың жалғыз ғана мақсаты – Еуропаның мүддесіне үлес қосу болатын. Миссионерлер мектептегі жасөспірімдерді өздерінің діни құндылықтарына және салт-дәстүрлеріне жат, дұшпан ретінде тәрбиеледі. Мәдениеттерін де төмен деңгейде көрсетті. Бұл мектепті бітіргендер соңында өздерінің “кім” екендіктерінен бейхабар қалды. Оқымыстылар қарапайым халықтан бөлінді. Бір-бірлеріне жатсынатын болды. Батыс мәдениетін жақтаушылар қауымы мен діндар халықтың арасы алшақтады. Зиялылардың көбісі Батыстың жетілдірген әскерлеріне айналды...”

Хикмет - Ұры

Бір күні бір кісі әмиянын жоғалтып алып, көршісінің баласынан күмәнданып жүреді. Осы күннен бастап сол баланың бүкіл әрекеттерін қадағалап жүреді. Баланың жүріс-тұрысынан, түрінен, сөйлеген сөздерінен, қысқасы баланың бүкіл әрекеттерінен әмиянды ұрлаған адамның осы екеніне сенімі арта береді.

Бірақ әлгі кісі әмиянын үйінің бір бұрышынан тауып алған кезде, бала туралы көрген білгендерін қайта шолып шығады. Бұдан кейінгі көзқарасында көрші баланың әрекеттерінің ешқайсысы негізінде ұрыға ұқсамайтын еді. Бүкіл әрекеттері қалыпты, әдеттегідей көріне бастады.