Ғибрат - Хазреті Омар
Хазреті Омардың (радиаллаһу анһ) халифалығы кезінде бір әнші бар еді. Тойларда аспабымен ойнап, ән айтатын. Арадан біршама уақыт өтіп, әлгі әнші қартаяды. Дауысынан айрылған соң, әуелгі абыройын жоғалтады. Бұдан бұлай ән айтып, ақша таба алмайтын халге түсіп, бір тілім нанға зар болып қалады. Бір күні қатты қайғырып, Аллаһу та’алаға жалбарынады: «Йа Раббым, маған ұзақ өмір, көптеген мүмкіншіліктер бердің. Мен сияқты күнәһар құлыңнан ихсаныңды үзбедің. Жетпіс жыл бойы әртүрлі күнәлар істеп, саған қарсы шықтым. Бірақ сен бір күн болса да ризығымды тоқтатпай бердің. Енді міне күн көрерлік шамам қалмады. Бүгін сенің қонағыңмын» деп, қабірге барады. Ол жерде біраз уақыт жылап отырады. Кейін қолындағы аспабын басына қойып ұйықтап қалады. Сол кезде Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) түс көреді. Түсінде: «Ей Омар! Қабірде бір құлым жатыр. Оны қиыншылықтан құтқар! Бәйтулмалдан 700 динар алып, апарып бер!» деген дауыс естиді. Хазреті Омар түсінде естіген дауыстың айбатынан оянып кетеді. Дереу қабірге барады. Барып қараса, әлгі әнші қариядан басқа ешкім жоқ. Хазреті Омар: «Кәрі әнші қалайша маған білдірілген таза, қызметке лайық құл бола алады?» деп ойлайды. Кейін жанына барып отырады. Келгенін оған білдіру үшін жөтелген кезде, қарт кісі селк етіп оянады. Көзін ашып, жанында әмирәл-муминунды, яғни Хазреті Омарды көріп, қорыққанынан дірілдей бастайды. Іштей: «Йа Раббым! Маған өзің көмектес!» деп жалбарынады. Хазреті Омар: «Менен қорықпа, саған Аллаһу та’аладан сүйінші әкелдім. Саған сәлем айтып, қал-жағдайыңды сұрап жатыр. Саған мына ақшаны беруімді бұйырды. Бұларды жарат, таусылған соң маған кел» деп айтады. Шал мұны естіп, ұялғанынан жылап: «Менімен Раббымның арасында бөгет болдың!» деп аспабын сындырып тастайды. Аллаһқа жылап, жалбарынып: «Йа Раббым! Саған мойынсұнбай өткізген өміріме мейірімділік ет. Өмірімді пайдасыз, бос нәрселермен өткіздім. Нәпісімді ән айтып тауыстым. Обал болсын маған! Аллаһым! Бүкіл жасаған күнәларыма тәубе еттім!..» Осы сөздерді айтып болған соң «Аллаһ» деп жылап, жерге құлап қайтыс болды. Хазреті Омар мұсылмандарға хабар беріп, оларға былай деді: «Міне, шынайы тәубе осылай болады. Аллаһ барлығымызға осылай тәубе етуімізді нәсіп етсін!» Кейін шалдың жаназа намазын оқып, жерлейді. (Мәснәуи)