Ғибрат - Маған дәлел келтір
Бір замандары Хорасанда сәйидтерден бірі қайтыс болады. Артында сәйид әйелі мен бірнеше ұл-қыздары жетім қалады. Бұлар аздаған уақыттан кейін жоқшылыққа тап болады. Сол себепті айналасындағы адамдардан қорлық көрмеу үшін елінен көшіп кетеді. Жолда кетіп бара жатып қараусыз қалған бір мешітті паналайды. Жесір әйел балаларын мешітте қалдырып, жейтін азық тауып келуге кетеді. Қалада діндарлығымен танылған бір байдың үйіне барып, жағдайын түсіндіреді. Бірақ әлгі бай кісі: «Сәйид екендеріңді қайдан білемін, бұған дәлелің бар ма?» деп әйелдің қолын бос қайтарады. Әйел ренішті халде кетіп бара жатқан кезде, оны көрген бір мәжуси, жаны ашып, жағдайын сұрайды. Сәйид әйел жағдайын айтқан соң мәжуси оған сеніп, жетім балалары мен әйелді үйіне қонақ етеді. Сол күні түнде әлгі бай мұсылман түсінде қиямет болғанын көреді. Сүйікті пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үлкен сарайдың жанында тұрған еді. Әлгі бай: «Бұл сарай кімдікі, йа Расулаллаһ» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Бір мұсылмандікі» деп жауап береді. Бай: «Йа Расулаллаһ, мен тәуһид ақидасынан ешқашан айрылмаған мұсылманмын» дейді. Пайғамбарымыз: «Маған бұған қатысты дәлел келтір» деген кезде не дерін білмей, абыржып қалады. пайғамбарымыз оған жетімнің анасы сәйидә ханымның жағдайын есіне түсіреді. Сол кезде ол қатты өкінген күйде ұйқысынан оянады. Дереу әйелдің ізіне түсіп, оны іздестіреді. Соңында әйелдің бір мәжусидің үйінде екенін естіп, үйіне барып, оны алып кетпекші болады. Бірақ мәжуси: «Солардың арқасында үйіме береке келді» деп оларды бермейді. Мұсылман, мәжусиге: «Мен саған жүз алтын берейін, оларды маған қайтарып бер» дейді. Мәжуси бұл ұсынысын да қабылдамайды. Бұл жолы мәжусидің қонақтарын мәжбүрлеп алмақшы болғанда, мәжуси оған: «Сен артынан жүгіріп жүрген нәрсеге мен сенен де лайықтымын. Түсіңде көрген сарай мен үшін жаратылған. Сен көрген түсті мен де көрдім. Пайғамбарымыз: «Менің әулетімнен болған жесір әйел мен жетім қыздар қасыңда ма?» деп сұрады. Мен: «Иә» дедім. Сол кезде пайғамбарымыз: «Олай болса бұл сарай сенікі» деді. Сен маған мұсылманмын деп бізді менсінбей тұрсың-ау. Аллаһқа ант етіп айтамын, мен және жанұям бұл сәйида ханымның құрметіне таң ертеңгісін мұсылман болдық» дейді.