Тарих - Түркілердің тәуелсіздік құштарлығы (1)
630 жылы Қытаймен болған соғыстардың бірінде көктүріктер жеңіліп, 630-680 жылдары аралығындағы 50 жылдық уақыт, көктүріктердің (Түрік қағанатының шығысының) тәуелсіздігінен айрылған, қайғылы кезең болды. Орта Азиядағы ұлт ретінде түркі тайпалары өз болмыстарын, тілін, дінін, әдет-ғұрыптарын қаншалықты сақтаса да, тәуелсіз ел болудан махрұм қалып және көктүріктердің намысын келтіретін қиын кезең болатын. Сол кезеңдерде кейбір түркі ханзадалары мезгіл-мезгілімен төңкеріс жасаса да, барлығы қанды қырғынмен бастырылды. Бұл әрекеттердің арасындағы ең елеулісі 639 жылы Көктүрік ханзадасы Күршадтың (Чулук қағанның ұлы) жасаған көтерілісі еді. Тарихтардан белгілі болғанындай түркі халықтары өте жауынгер халық болатын. Осы себепті қытайлықтар тұтқынға түскен түркілердің тектілерін әскерлеріне қолбасшы етіп тағайындайтын. Таң империясының сарай қорғанысы әскери бөлімінің қолбасшыларынан болған Күршад, Түркі қағанатын қайта жандандыру үшін 39 досымен, кейде түнде қалада серуендеуге шығатын Қытай императоры Тай Цуңды тұтқынға түсіруді көздейді. Осы арқылы сарайға кіріп Күршадтың ағасының баласы Урку Тігінді құтқарып, түркі тұтқындарынан жинай алғанша қол жинап Өтукен қаласына барып қайта мемлекет құруды, Урку Тігінді қаған сайлауды жоспарлайды.
Бірақ жоспардың іске асатын түні, кенеттен дауыл басталып, толассыз жауған жаңбырдың кесірінен император сарайдан шықпайды. Қабылданған шешім кейінге қалса, өз орындарын тастап шыққан түркілердің жоспары ашылатындықтан, мұны қатерлі деп білген Күршад және оның достары сол сәтте тура сарайға қарай бет алады. 40 көктүрік жастары сарайды иеленіп, бас қалаға үстемдік етуді ойлаған еді. Алайда жүздеген сарай сақшыларын жеңіп өткенге дейін көмекке шақырылған мыңдаған әскерлер келіп үлгереді. Кейін Императорды қолға түсіру мүмкін болмағанын түсінген түркілер сарай қорасына беттеп аттарға мініп Өтукенге қарай қашады. Бұл кезде бұлардан 13 сарбаз қалған еді. Вей өзеніне жеткенде жел мен тасқын көпірді шайып кеткенін көреді. Өзен жағасында Қытай әскерімен қайта ұрысқа кірген Күршад пен оның достары сол жерде біртіндеп ажал құшады.