Untitled Document

Оқы, балам!

Тал шыбықтай қарғам едің, ер жеттің,
Білім алдың, дүниені зерлепсің.
Бар, барағой, қызыр болсын, жолдасың!
Әз жолыңа тұра қоймас енді ешкім!

Оқу оқып, арман қуып талаптан,
Қалма, жаным, тең құрбың мен санаттан!
Досыңа-дос, жауыңа-жау сайлы бол,
Білек-бірлік, Білім-мыңдық жарақтан!

Әулет едік жалғыз шалдан жайылған,
Текке тартпай тұрмас, әсте, дәйім жан!
Майысқанмен сынбай жеттік бұл күнге,-
Қарашайлар аумайды екен қайыңнан.

Аттан балам!.. Заманыңды танып біл.
Айдынға жүз, майдан көрсең жанып кір.
Тағдырыңның көтер биік байрағын,-
Құдай өзі құл тілегін танып тұр.

Әулиелер тарыққанда демесін!
Тыңда тұрып: өз жаныңның кеңесін.
Барлық жанға бақыт тіле, қарағым!..
Бақыт деген біреу екен деме шын.

Қанша жан бар, сонша бақыт – Алладан,
Жетер оған бағытынан танбаған.
Өз бақытын ұшырып жүр үркітіп;-
Өз маңдайын тас пен ұрып сан надан.

Туған елдің арын ойлап, білім ал!
Ізден де тап, жол көрсетті ұлылар.
Әр қазақта-бір қазақтың бақыты,
Бір қазақта-бар қазақтың құны бар!

Еңбек еттік, табан ет те тілінген..
Ойлы перзент-шығар ма деп,-біріңнен?!.
Өз халқыңды сүйетінің шын болса,
Өзіңді тап: еңбек пенен білімнен!..

Оқы, балам, Аз халықтың ұлысың!
Ана уыз, Бабалардың мұңы үшін.
Көпте болсаң көмілгенің – Біліп қой!..
Надандық па!?.. Сол бірінші құрысын!

Сабыр Адай