Untitled Document

Мөңке би

Тілеуұлы Мөңке би — белгілі би, Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі, жырау, терең ойшыл, ұлы ақын. Шамамен 1675 жылы дүниеге келген. Жеті жасында билік айтып, кісі құны дауды бітірген. Мөңке би өз заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би», келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті ой-тұжырымын тағылымды поэтикалық жырға айналдырған жырау ретінде танылды. Мөңке бидің ой-толғаулары, риторикалық сұрақ-жауап, болжау, билік, кесім, шешім түріндегі мұралары өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Көшпелі тірліктің тіні бұзылмаған қоғамда заман аңысын аңдап, оның келешек кескін-кейпін дәл болжай білу Мөңке би шығармашылығының басты белгісі. Мына өлең жолдарынан болашақтың бет алысын‚ бағыт-бағдарын тап басып танығандығы аңғарылады:

...Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң ауырып қалатың
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады,
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады.
Ит пен мысықтай ырылдасқан,
Еркек пен қатының болады.
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
(Жалғасы ертең...)