Untitled Document

Күннің тарихы - Нежип Фазыл Кысакүрек

Түркия елінің ақын-жазушысы, қоғам қайраткері. 1904 жылы 26 мамырда Стамбулда туылған. Алғаш өлеңдерін жазуды мектеп қабырғаларында бастаған. 1935 жылдарға дейін өлеңдері көбінесе жекелей ой-толғаулар, ішкі дүние қиыншылықтары тақырыптарын қозғады. Бұдан кейініректе Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттерін тануы өмірлік көзқарастарын, дүниетанымын күрт өзгертті. Бұдан кейінгі кезеңдерде еліне, адамзат өркениетіне пайдалы болуға, іскерлік өмірімен, хикмет толы қаламымен адамдарды адалдыққа, жақсылыққа үндеуге тырысты. Осы мақсатта әдебиеттің барлық саласында қаламын аттай желетіп, жүзден астам туынды қалдырды. 1980 жылы «ақындардың сұлтаны» деген атақ берілді. 25.05.1983 жылы қайтыс болды. Өмірінен үзінділер:

Бір ретінде Нежип Фазыл университетте конференцияға қатысады. Мінбеге шығып әрқашанғыдай дін туралы, адалдық туралы баяндама оқиды. Сөзін аяқтағаннан кейін оған қарсы пікірлі бір профессор: «Сіздің өткен өміріңізді білеміз, сіз бұрындары басқалай сөйлейтін едіңіз, ал қазір болса соған қарама-қайшы нәрселерді айтудасыз, бұл қалай болғаны?» дейді. Нежип Фазыл мынадай мағыналы жауап қайтарады: «Иә, менің өткен өмірім қоқыстарға толы, ал қоқыстарды ит пен мысықтар ғана ақтарады.»

Жаздың ыстық күндерінің бірінде баласы дастархан жайып әкесіне ас әзірлеп қояды. Үстел басына отырған Нежип Фазыл дастарханнан «виски» бөтелкесін көреді: «Балам бұл не?» Баласы: «Салқын су әке, мұздатқышқа осы бөтелке ғана сиятын болғандықтан, суды осыған құйып салқындаттым» дейді. Әкесі: «Бұлай болмайды» дей бергенде: «Әке жақсылап жудым, ыстық сумен, сабын сумен әбден тазалап жуып барып су құйдым» дейді баласы. Нежип Фазыл болмайды деп мына ғибрат толы жауапты айтады: «Олай болса балам, ертең базарға барып жап-жаңа горшок (унитаз) сатып ал, ішін жақсылап жуып тамақты осы горшоктан ішіп көр..» «Ішуге болады әрине, ешқандай зияны да жоқ. Бірақ логика қабыл еткенімен мұны ішкі дүниең, яғни рухың қабыл етпейді, рух сол мезетте-ақ құсады ол тамақты.»