Өзбекстан Республикасы
Орталық Азияда орналасқан мемлекет. 20 маусым 1990 жылы егемендігін, 1 қыркүйек 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған. Жер аумағы – 448,9 мың км2. Халқы 2012 жылғы санақ бойынша – 29,5 миллион. Негізгі халқы – өзбектер (81,7%) құрайды. Мемлекеттік тілі – өзбек тілі. Тұрғындары негізінен ислам дінін (Ханафи мазһабын) ұстанады. Астанасы – Ташкент қаласы (2,3 миллион адам).
Өзбекстан шекарасының жалпы ұзындығы 6221 км, Жері батысынан шығысына дейін 1425 км, солтүстігінен оңтүстігіне дейін 925 км-ге созылады. Батыс және солтүстік жағында Қазақстан, шығыс жағында Қырғызстан және Тәжікстан, ал оңтүстік жағында Түркменістан және Ауғанстан мемлекеттерімен шекаралас.
Өзбекстандағы ежелгі сәулет ескерткіштері б.з.б. 4 ғасырда салынған. Олар Бактрия, Харезм, Соғдияна, Ферғана өңірінде жақсы сақталған. Қала салу өнері көне заманнан (б.з.б. 3 ғасыр) басталып, орта ғасырларда өркендей түсті. Бұхара, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, т.б. қалалардың сәулеттік өнер элементтері (шаһристан, рабад, т.б.) сол кезеңнің классикалық үлгісіне жатады. Жергілікті қала салу мәдениетінде, негізінен, өрнек пен эпиграфика әдісі қалыптасып, портал-күмбезді композиция пайда болды.
Өзбекстанның Самарқанд және Бұхара қалалары тарих бойы білім және мәдениет орталығы болып келген. Мұның әсерлері қазіргі кезде де жалғасуда. Бұл қалаларда Бируни, Ибн Сина, Имам Бұхари, Имам Термизи, Имам Матуриди, Ұлықбек, Кадызада Руми, Алишер Науаи, Бахауддин Нақшбанди, Ғияседдин Жәмшид Каши, Убайдуллаһ Ахрар, Нәжмеддин Кубра сияқты ғалымдар жетіліп шыққан.
Өзбекстан жер асты байлықтары жағынан өнімді мемлекет. Мубарек қаласында табиғи газ, күкірт, Ферғанада көмір, Сурхандарияда мұнай, Ангренде көмір, мыс, мырыш, қорғасын және Мұрынтауда көп мөлшерде алтын бар.
1996 жылдан бастап Андижан облысында "Дэу" компаниясымен бірлескен автомобиль зауыты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорында жылына 200 мыңға дейін "Дэу-Нексия" жеңіл автокөлігі құрастырылады.