Тарих - Қасиетті мекеннің үш әйел қызметкері
Ибраһим алейһиссаламның әйелі Хажар анамыздың тапқан зәмзәм құдығы 4 мың жылдан бері еш тоқтамастан, азаймастан адамдарға берекесін жаудыруда. Тарихқа көз жүгіртер болсақ осы зәмзәм суының мұсылмандарға қол жетімді болуында үш әйелдің қызметтері орасан зор. Біріншісі Хажар анамыздың суды табуы. Екіншісі Аббаси мемлекетінің халифасы Харун Рашидтің әйелі Зүбәйда ханымның 780 жылы 40 км ұзындықтағы (өз есімімен аталатын) су жолын жасатуы. Үшіншісі Осман патшасы Қануни Сұлтан Сүлейманмен Хүррем сұлтанның қызы Михримах сұлтан әйгілі архитектор Мимар Синанға бұл су жолын жөндетуі және бұған қоса «Мекке су жолын» жасатуы.
Харун Рашидтің әйелі Зүбәйда ханым салихалы әйел болатын. Көрген түсініксіз түсін заманының Шәйхулисламына жорытқаннан кейін, Хунайн тарапынан Меккеге, Меккеден Арафатқа дейін келетін су жолдарын жасатады. Муздалифа жолымен жетіп келген су, қасиетті жердегі бұлақтардан ағады. Сұлтан қажылыққа келген қонақтардың суға деген қажеттіліктерін қамту үшін жүз мың алтын жұмсайды. Зүбайда ханым сонымен қатар сарай, монша, қайырымдылық үйі және емхана сияқты көптеген қайырымдылық мекемелер салдырады.
Османлы халифаты дәуірінде де сарай ханымдары, уәзірлердің, әкімдердің және байлардың ханымдары қолдарындағы мүліктерін жинап, бұлармен жақсылықтар, қайырымдылықтар жасауға асығатын. Қануни Сұлтан Сүлейманның сүйікті қызы Михримах сұлтан да (1522-1574) пайғамбарымыздың шапағатына қауышу үшін өз атына құрған қорымен қасиетті топырақтарда қызмет ететін. «Айни Зүбәйда», яғни Зүбәйда ханымның салдырған су жолы 1560 жылдардан кейін жел, борандардың салдарынан қолданылмайтын халге келеді. Бұл мәселені шешу үшін тағайындалған топ су жолдарының жандандырылуы үшін және жасалатын жаңа каналдардың салынуы үшін 30 мың алтын (бүгінгі нарықпен есептегенде 1 миллиард теңге) керектігі туралы баяндама дайындап, патшаға айтады. Михримах сұлтан мемлекеттің бюджетіне жүк түсірместен өз қаражатынан 50 мың алтын қосады. 1563 жылы басталған жұмыстар, 1573 жылға дейін тоқтаусыз 10 жыл жалғасып, 1000-нан астам адам жұмыс істеді. Бұл каналдар жақын күндерге дейін миллиондаған адамдардың су қажеттілігін қамтамасыз етті. Бірақ жаңа каналдардың құрылуымен бұлар жарамсыз халге келді.