Күннің тарихы - Имам Ағзам Әбу Ханифа (І)
Оның шын аты – Нұғман. Әкесінің аты Сабит, атасының аты да Нұғман. Әһли сүннеттің төрт ұлы имамының біріншісі. “Имам” – “үлкен ғалым” деген сөз. Мұхаммед алейһиссаламның жарқын дінінің үлкен тірегі. Иранның алдыңғы қатарлы адамдарының бірінің тегінен шыққан. Атасы Ислам дінін қабылдаған еді. Әкесі Сабит Куфа қаласында хазреті Әлимен кездескенде Әли (радиаллаһу анһ) оған және әулетіне қайырлы дұға жасаған болатын. Хижраның 80-жылы Куфа қаласында дүниеге келді. Сахабалардан (алейһимурридуан) Әнәс бин Малик, Абдуллаһ бин Әби Әуфа, Сәһл бин Са’д Саиди және Әбуттуфайл Амир бин Уасилә дәуірінде өмір сүрген. Фиқһ ілімін Хаммад бин Әби Сүлейменнен үйренді. Табииннен бірнеше ұлы тұлғалармен және Имам Жафар Садықпен сұхбаттасқан. Көптеген хадис шәриф жаттаған. Мазһаб имамы болмағанда, үлкен хаким, яғни қазы болатын жағдайда жетілді. Өте ақылды, жұрттарды таң қалдырарлық зерек кісі болған. Фиқһ саласында әлемде теңі жоқ өте жоғары дәрежеге жетіп, атағы әлемге тарады.
Әмәуилердің соңғы, он төртінші халифасы болған Мәруан бин Мұхаммед дәуірінде Ирак әкімі Язид бин Амр Имам Ағзамға Куфа қазылығын басқаруды ұсынады. Тақуалығы да біліміндей өте мол болғандықтан бұл ұсынысты қабылдамайды. Пендешілікпен құл ақысын бақылауда қателік жіберуден қорықты. Язидтің бұйрығымен басына жүз он дүре соғылады. Ертеңіне имамды шақырып, тағы да ұсыныс жасайды. «Кеңесейін» деп рұқсат алады. Меккеге барып, сол жерде 5-6 жыл тұрады.
767 жылы Аббаси халифасы Әбу Жафар Мансур бұйырған қазылық қызметті қабылдамағаны үшін зынданға тасталады. Күн сайын 10 дүре қосып, ұрып отырады. Дүре саны 100-ге жеткен күні шәйіт болды. Қайтыс боларында сәжде жасайды. Жаназа намазына елу мыңдай адам қатысқан. Жиырма күн бойы қаншама адамдар келіп, қабірінің жанында намаз оқыды. Сәлжүк патшасы Сұлтан Алпарсланның баласы, үшінші Сәлжүк сұлтаны Мәлік шахтың уәзірі Әбу Са’д Мұхаммед бин Мансур Харезми Әбу Ханифаның мазарына көрнекті кесене салдырды. Кейіннен Осман патшалары бұл кесенені бірнеше рет жөндеуден өткізіп, безендірді.